Қазақстаннан ЕАЭО елдеріне тауар экспорттауға арналған сериялы сертификаттардың әрекет ету мерзімі ұзартылды

1375
Фотосурет: primeminister.kz

Онлайн форматта Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің отырысы өтті. Қазақстан делегациясын Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин басқарды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Отырыс қорытындысы бойынша қазақстандық тарап ұсынған негізгі бастамалар қолдау тапты.

Кеңес 2026 жылғы 1 ақпаннан бастап ЕАЭО аясында орман материалдарының жекелеген түрлерін тасымалдау кезінде навигациялық пломбаларды қолдану жөніндегі пилоттық жобаны іске қосуды мақұлдады. Бұл шешім Беларусь пен Ресейден Қазақстан мен Қырғызстанға орман өнімдерін тасымалдауда көлік құралдарын тіркеу қажеттігі жөніндегі бұрыннан көтеріліп жүрген мәселені шешуге мүмкіндік берді. Енді тасымалданатын жүктерді навигациялық пломбалар арқылы бақылауға болады. Бұл өз кезегінде орман өнімдерін Қазақстанға қайта өңдеуге тасымалдау тәртібін жеңілдетіп, бақылау механизмін тиімді етеді. Навигациялық пломбалар бөшке жасауға арналған ағаш, теміржол және трамвай шпалдары секілді материалдарды тасымалдауда қолданылады.

Сондай-ақ Қазақстаннан ЕАЭО елдеріне экспортталатын тауарлардың шыққан елін растайтын сериялық сертификаттарды қолдану мерзімі ұзартылды. Бұл шешім кәсіпкерлерге әр жөнелту сайын жеке сертификат рәсімдемей, алты айға жарамды бір ғана сертификатпен жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Мұндай тәсіл бизнестің әкімшілік жүктемесін азайтып, Одаққа мүше елдер арасындағы сауда-саттықты жеңілдетеді.

Сонымен қатар Қазақстан Республикасына 2030 жылғы 31 желтоқсанға дейін шұғыл қызметтерді шақыру жүйесі (қауіпсіздік түймелері) жоқ көлік құралдарын тіркеуге, сондай-ақ ресми дилерлер ұлттық заңнамаға сәйкес әкелетін автокөліктерді 2028 жылғы 31 желтоқсанға дейін айналымға енгізуге рұқсат берілді.

ЕЭК Кеңесі авиациялық керосин, дизель отыны мен бензинге қатысты кедендік әкелу бажынан босату түріндегі тарифтік жеңілдікті енгізуді қолдады. Қазіргі уақытта үшінші елдерден жанармай импорттағанда 5% кедендік баж салығы қолданылады. Алайда Қазақстан ішкі нарығында авиаотын тапшылығы сақталып отыр. 2025 жылғы сұраныс шамамен 1,2 млн тоннаны құрайды. Ал отандық өндіріс бұл көлемді толық қамтамасыз ете алмайды, тапшылық шамамен  233 мың тонна.

Осы орайда Қазақстанда транзиттік әуе жүк тасымалын дамыту бағдарламасы қарқынды жүзеге асырылып жатыр. Сонымен қатар 2026–2030 жылдар аралығында жүзеге асырылатын мұнай өңдеу зауыттарының қуатын арттыру жобалары арқылы авиаотын өндірісі жылына 1,4 млн тоннаға дейін жеткізілмек.

Отырыс барысында сыртқы сауданы реттеу, техникалық реттеу, санитариялық және фитосанитариялық шараларды қолдану, сондай-ақ ЕАЭО-ның жұмыс істеуіне қатысты бірқатар маңызды мәселе қаралды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -