Қазақстанның Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев жаңа қызметке тағайындалды.
Тиісті құжатқа мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды.
"Мемлекет басшысының Жарлығымен Жаслан Хасенұлы Мәдиев Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі болып тағайындалды" Акорда
Жаслан Мәдиев - 1983 жылғы 13 маусымда Алматы қаласында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін (2000–2004, мамандығы – "Әлемдік экономика және халықаралық қаржы"), Колумбия университетінің Халықаралық қатынастар және мемлекеттік басқару мектебін (2006–2007, мамандығы – мемлекеттік басқару магистрі (MPA), Экономикалық саясатты басқару бағыты, "Болашақ" бағдарламасы), Массачусетс технологиялық институтын (MIT), Sloan бизнес мектебін (2015–2016, мамандығы – іскерлік басқару магистрі (MBA)) тәмамдаған.
Еңбек жолын 2004 жылы "Альянс Банк" АҚ Халықаралық қатынастар департаментінің Халықаралық қаржы институттарымен жұмыс басқармасында маман болып бастаған.
2007–2008 жылдары "Қазына" Тұрақты даму қоры" АҚ Корпоративтік қаржыландыру департаментінің бас менеджері, 2008 жылы ҚР Президенті Әкімшілігінің Стратегиялық талдау және зерттеулер орталығында, "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ" АҚ-да жұмыс істеді. 2009–2010 жылдары "KAZYNA CAPITAL MANAGEMENT" АҚ басқарма төрағасының орынбасары, 2010–2014 жылдары "Қазақстан Даму Банкі" АҚ басқарма төрағасының орынбасары – басқарушы директор, басқарма мүшесі болды.
2014–2015 жылдары ҚР Ұлттық банкінің құрылымында басшылық қызметтер атқарды. 2017–2018 жылдары "Қазақстан Темір Жолы" ҰК" АҚ-да қаржы жөніндегі вице-президенттің м.а., кейін вице-президент болды. 2018 жылы "Қазақстан Темір Жолы" ҰК" АҚ-ның қаржы жөніндегі басқарма төрағасы қызметіне тағайындалды. 2019–2020 жылдары ҚР Ұлттық экономика вице-министрі болды.
2020 жылғы қазаннан 2022 жылғы қаңтарға дейін ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі төрағасының орынбасары қызметін атқарды. Кейін ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің бірінші орынбасары болды (14.01.2022 – 09.2022). 2022 жылғы қазаннан бастап Binance Kazakhstan компаниясында бас менеджер болып еңбек етті.
2024 жылғы 6 мамырда Жаслан Мәдиев Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі қызметіне тағайындалды.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Ғани Бейсембаевты Оқу-ағарту министрі қызметінен босатты. Бұл лауазымға Жұлдыз Сүлейменова тағайындалды.