Астанада Шерхан Мұртаза мұражайы ашылды

2013
Фотосурет: Ш. Мұртаза атындағы Қор архиві

Астанада Қазақстанның Халық жазушысы, қоғам қайраткері Шерхан Мұртаза атындағы мұражай ашылды. Музей Шерхан Мұртаза атындағы қайырымдылық қордың бастамасымен елордадағы қаламгер атындағы №63 мектеп-гимназиясында ел игілігіне пайдалануға берілді. Бұл туралы медиа-менеджер, белгілі журналист Жандар Асан хабарлады.

Мұражайдың ашылу рәсіміне мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар, Шерхан Мұртазаның шәкірттері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен кәсіпкерлер қатысты.

Іс-шара барысында саяси қайраткер Қуаныш Сұлтанов, белгілі публицист, журналист Сауытбек Абдрахманов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Жигули Дайрабаев пен Дәулет Тұрлыханов, қоғам қайраткері Дархан Мыңбай, ҚР Жазушылар Одағының Астана қалалық филиалының директоры Бауыржан Бабажанұлы, «Астана ақшамы» газетінің бас редакторы Еркін Қыдыр,  Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Нұрлан Өнербаев сынды есімі елге белгілі азаматтар Шерхан Мұртаза туралы әсерлі естеліктерімен бөлісіп, пайымды пікірлерін ортаға салды.

– Шерағаң тумысынан болмысы бөлек, бітімі ерек, талантты тұлға болатын. Ұзақ жылдар бойы ағалы-інілі болып араластық, қызметтес болдық. Ұлт мәселесіне, ел мен жер тағдырына келгенде Шерағаң алмас қылыштай кесіп түсетін кесімді ойлар айтатын. Талай азаматтар ол кісіден үлгі алды, тұлға тұтты. Шерхан ағамыз сөздің қасиеті мен қадірін көтерді. Сөзді қоғамға тыңдайтындай етті. Өзі де өзгелерге үлгі көрсетіп, бос сөйлемеді, сөзін текке шығын қылмады. Шерхан Мұртаза жаны да, тәні де отаншыл, елшіл болды. Шерағаң журналистикада өзіндік мектебін қалыптастырып, жүздеген шәкірт тәрбиеледі, – деді өз сөзінде Қуаныш Сұлтанов.

Ал Сауытбек Абдрахманов Шерхан Мұртазаның шығармашылық қайраткерлігі мен отандық журналистиканы дамытудағы орасан зор қызметі турасында әңгімеледі.

Дархан Мыңбай мұражайға жәдігер жинауды ұйымдастыру мәселесін ортаға салып, ұтымды ұсынысын айтты.

– Бұл музейге Шерағаңның көзін көрген тұлғалар келіп өскелең ұрпаққа дәрістер оқуы керек. Бүгінгі шара тек осы білім ұясының ғана шарасы емес, түсіне білгенге бұл – бүкіл қазаққа ортақ шара, – деп атап өтті Дархан Мыңбай.

Бұдан бөлек, жиын барысында «Шындықтың шарайнасы» атты жазушы шығармашылығына арналған деректі фильм көпшілік назарына ұсынылып, мектеп-гимназиясының ұжымы мен оқушыларының ұйымдастыруымен арнайы концерттік бағдарламаға қойылды . Атап айтқанда, «Ай мен Айша» повесі бойынша театрландырылған көрініс орындалып, Шерхан Мұртаза шығармаларынан үзінділер оқылды.

Мұражай заманауи мультимедиалық құралдармен, контентті сенсорлық басқарумен жабдықталған. Мұнда қаламгердің балалық шағы, жазушылық, журналистік қызметі жайлы тың деректер, сондай-ақ жеке заттары мен құжаттары қойылған. Әдеби мәліметтер, қолжазбалар мен фотосуреттер де назарға ұсынылған. Бұдан бөлек, QR-кодтар арқылы Шерхан Мұртазаның шығармаларын арнайы сайт арқылы оқуға мүмкіндік қарастырылған. Бұл – өскелең ұрпақтың даңқты жазушының классикалық туындыларымен жан-жақты танысуына септігін тигізбек.

– Шерхан Мұртаза – бүкіл саналы ғұмырын қазақ әдебиеті мен мәдениетінің дамуына арнады. Шерағаң өз шығармалары арқылы тұтас бір ұлттың тәрбиешісіне айналды. Шерағаның әдеби мұрасын насихаттау бағытында бұған дейін де талай ілкімді істер жасалған болатын. Бұл бастама соның заңды жалғасы іспеттес, – дейді Шерхан Мұртаза атындағы қайырымдылық қордың президенті Қайрат Айтбай.

Осы орайда айта кетерлігі, Шерхан Мұртазаның қайраткерлігі мен қаламгерлігін кеңінен дәріптеу, оның шығармашылығын жастар арасында насихаттау бүгінде үлкен маңызға ие. Бұл ретте қаламгердің атындағы қайырымдылық қор көптеген жүйелі жұмыстарға ұйытқы болып келеді. Бүгінде қор бірнеше бағыт бойынша жұмыс істеуде. Соның ішінде Шерағаң дүниеге келген өңірдегі киелі жерлер жаңғыртылып, ел игілігі үшін бірқатар маңызды әлеуметтік нысандар бой көтеруде.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -