2022 жылдан бастап Қазақстанда шетелдік интернет-компанияларға қатысты қосылған құн салығы (ҚҚС) енгізілді, бүгінде ол «Google салығы» деп аталып жүр. Бұл салық түрі электронды саудамен айналысатын және жеке тұлғаларға цифрлық қызмет көрсететін шетелдік ұйымдардың салықтық міндеттемелерін реттеуге бағытталған.
Қазіргі таңда Қазақстанда ҚҚС төлейтін 110-нан астам халықаралық компания тіркелген, соның ішінде 13-і биылғы жылы қосылды. Айта кетерлігі, бұл тізімге цифрлық технология, медиа және маркетплейс саласындағы жаһандық көшбасшылар да енеді. Аталған интернет-компаниялар тек ҚҚС төлеуші ретінде тіркелген. Олар елімізде жеке филиал немесе еншілес компания ашпаған, тек салық төлеуші мәртебесіне ие.
Түсінікті болу үшін олардың кейбірін және ҚҚС-ны не үшін төлейтінін көрсетейік:
- Google — бұл салық Google Play арқылы жарнама қызметтерін ұсынғаны үшін, сондай-ақ қосымшалар мен медиаконтент сатқан жағдайда алынады.
- Apple — компания iTunes және App Store арқылы контент сатқанда, сондай-ақ Apple Music және iCloud қызметтеріне қосылғаны үшін салық төлейді.
- Netflix — салық үздіксіз бейне тарату қызметі үшін алынады.
- Amazon — Amazon Web Services (AWS) платформасы арқылы сатылатын цифрлық тауарлар мен деректерді желіде сақтау қызметтері үшін салық алынады.
Өткен жылдан бастап тізімге Temu, Garmin, Twitch, 1688.com Pte Ltd, Alibaba.com және тағы басқа компаниялар енді.
Үкімет ішінде бұл салық шетелдік интернет-компанияларды отандық компаниялармен теңестіріп, нарықты бәсекеге қабілетті етеді деген пікір бірнеше рет айтылды. Бірақ шындығында жағдай мүлде басқаша. Қазақстандық компаниялар, соның ішінде интернет-компаниялар мен маркетплейстер ҚҚС-дан бөлек тағы да көптеген салықтар мен төлемдерді төлейді. Толығырақ төмендегі ақпараттық кестеде берілген.
Енді онлайн қызмет атқаратын қазақстандық және шетелдік компаниялардың («Google салығын» төлеушілер) салықтық аударымдарындағы айырмашылықты көрнекі түрде көрсетейік.
Салыстыру үшін Қазақстандағы ірі маркетплейстерді (оның ішінде тікелей Қазақстанда өкілдіктерін ашқан Wildberries пен Ozon) және КҚС төлейтін шетелдік интернет-компаниялардың толық тізімін алайық.
2024 жылдың қорытындысы бойынша 76 шетелдік интернет-компания ҚР бюджетіне барлығы шамамен 41 млрд теңге төледі. Тағы да атап өтейік, бұл тізімге әлемдік IT-алыптар мен онлайн-маркетплейстер кіреді. Бұл орайда салыстыру үшін бірнеше маркетплейсті мысалға алайық, 2024 жыл үшін Temu 5,9 млрд теңге, iHerb 4,6 млрд теңге, Lamoda («Купишуз») 1,3 млрд теңге, eBay Marketplaces GmbH 308,2 млн теңге, Aliexpress Russia Holding Pte Ltd 151,1 млн теңге салық төледі.
Қазақстандағы ең ірі бес маркетплейс мемлекет қазынасына барлығы 185,5 млрд теңге аударды. Олардың ішінде Kaspi.kz маркетплейсі 133,7 млрд теңге төледі — бұл сома Қазақстандағы барлық шетелдік интернет-компаниялардың салықтарының жиынтық сомасынан бірнеше есе жоғары. Ал Wildberries 37 млрд теңгеден астам салық төлесе, Ozon 9,8 млрд теңге, OLX 3,6 млрд теңге, Flip.kz 831 млн теңге салық төледі.
Көріп отырғанымыздай, «Google салығы» ойын шарттарын тек ішінара теңестірсе де, шетелдік интернет-компаниялар әлі де басымдыққа ие болып отыр. Шетелдік интернет-компаниялар тек цифрлық қызметке ҚҚС төлесе, ал отандық компаниялар, яғни, ірі маркетплейстер немесе сервистік платформалар бірқатар міндеттемелерді орындайды, олар: корпоративтік табыс салығы, әлеуметтік аударымдар, мүлік салығы, жер төлемдері, қорларға жасалатын жарналар және бюджет пен мемлекет алдындағы басқа да тұрақты міндеттемелер.
Нәтижесінде қазақстандық компаниялар қазынаға айтарлықтай үлес қосып қана қоймай, сондай-ақ халықты жұмыспен қамтамасыз етеді, инфрақұрылымды дамытады және мемлекет экономикасына инвестиция салады.
Сандардан көрініп тұрғандай, шетелдік онлайн-алыптар Қазақстанда, өз көлемі мен табысына қарамастан, тек шартты салық төлеуші болып отыр. Олар тек ең қажетті міндеттемелерді орындап жатқанда, бюджетті толықтыру әрі елдің әлеуметтік және экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз ету міндеті қазақстандық компаниялардың еншісінде қалады.