Мемлекет басшысының тапсырмасымен педагогтердің қоғамдағы беделін арттыру бағытында биылғы жылы тың бастама қолға алынуда. Бүгін Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігінің қызметкерлері «Ұстазға алғыс» апталығы аясында өз ұстаздарын елордаға қонаққа шақырып, олар үшін мерекелік шара ұйымдастырды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бұл шараға еліміздің әр өңірінен 120-ға жуық педагог жиналды. Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Майра Мелдебекова оларды Ұстаздар күнімен құттықтап, министрлік атынан алғыс білдірді.
«Мемлекет басшысының тапсырмасымен педагогтердің қоғамдағы мәртебесін арттыру бағытында тың бастамалар қолға алынып жатыр. «Ұстазға алғыс!» апталығы – ұстаздарымызға деген ризашылығымызды білдіру мен құрмет көрсетуге арналған маңызды шара. Біз ұстаздардың еңбегін әрдайым жоғары бағалап, оларға ерекше құрметпен қараймыз», – деді Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Майра Мелдебекова.
Естеріңізге сала кетейік, елімізде 29 қыркүйек пен 4 қазан аралығында «Ұстазға алғыс!» апталығы өтуде. Министрлік апталық аясында орталық және жергілікті мемлекеттік органдарға, білім беру ұйымдарына, сондай-ақ мемлекеттік және ұлттық компанияларға білім мен тәрбие берген ұстаздарына мерекелік көңіл-күй сыйлап, іс-шаралар өткізуді ұсынған болатын.
Қазіргі таңда еліміздегі 22 мыңнан аса білім беру ұйымында 6 миллионға жуық оқушыға 600 мыңнан астам педагог білім беруде.