Алматыда интернет пен цифрлық трансформацияны дамытуға арналған маңызды аймақтық шаралардың бірі — CAPIF IV Халықаралық интернет-форумы өттi. Форумға 20-дан астам елден 250-ден аса қатысушы жиналды. Олардың қатарында мемлекеттік құрылымдардың, халықаралық ұйымдардың, байланыс операторларының, деректер орталықтарының, провайдерлердің, зерттеу орталықтары мен технология әзірлеушілерінің өкілдері бар, деп хабарлайды DKNews.kz.
Талқылаудың негізгі тақырыптары — IPv6 протоколына көшу, пирингтік желілер мен трафик алмасу нүктелерін дамыту, маршрутизация және желілердің қауіпсіздігі, сондай-ақ жаңа технологиялардың телекоммуникация, мемлекеттік сектор, көлік және өнеркәсіп салаларындағы практикалық қолданылуы болды. Ерекше назар IPv6-тың жасанды интеллект (ЖИ) және машинамен оқыту технологияларымен ықпалдасуына аударылды, себебі мұндай үйлесім трафикті интеллектуалды басқарудың, IoT пен бұлтты платформаларды дамытудың және болашақтың цифрлық экожүйелерін қалыптастырудың негізін қалайды.
«Бүгін біз халықаралық деңгейдегі технологиялардың цифрлық трансформацияның негізгі қозғаушы күшіне айналғанын көріп отырмыз. IPv6 енгізу қауіпсіз, ауқымды әрі интеллектуалды желілер құруға жол ашады, ал бұл деректер экономикасының, ЖИ мен болашақ сервистердің дамуы үшін негіз болмақ. Қазақстан үшін бұл – жаһандық цифрлық кеңістікте өз позициясын нығайту жолындағы стратегиялық қадам», — деп атап өтті Олжас Кабенов, Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Телекоммуникациялар комитеті төрағасының орынбасары Олжас Кабенов.
Сарапшылардың айтуынша, IPv6 енгізу жүктемеге төтеп беретін, киберқауіпсіздік деңгейі жоғары, икемді әрі тұрақты желілер құрудың жаңа мүмкіндіктерін ашады. Форум барысында IPv6-тың телекоммуникациялар, өнеркәсіп, көлік және мемлекеттік сектордағы практикалық қолдану үлгілері қарастырылып, жаңа буын желілерінің жаһандық және аймақтық даму үрдістері белгіленді.
Форум қатысушыларының ерекше назарын Huawei ұсынған шешімдер аударды. Компания IPv6 протоколының цифрлық инфрақұрылымды дамытудағы практикалық әлеуетін көрсетіп, жаңа буын желілерін құруға бағытталған технологияларды таныстырды. Бұл желілер жоғары қауіпсіздігімен, ауқымдылығымен және инновациялық сервистермен ықпалдасуға дайын болуымен ерекшеленеді. Huawei ұсынған тәсіл IPv6-тың жай ғана техникалық стандарт емес, болашақтың сын-қатерлеріне жауап бере алатын тұрақты әрі икемді экожүйелерді қалыптастыру құралына айнала алатынын көрсетті.
«IPv6 протоколы қазірдің өзінде цифрлық трансформацияның іргетасына айналып, жаһандық технологиялық экожүйені қалыптастыруда басты рөл атқарып отыр. Қазақстан үшін бұл бағыт айрықша маңызды, өйткені ел цифрлық даму саласындағы ұлттық стратегиясын белсенді жүзеге асырып, өңірлік көшбасшылық позициясын нығайтуға ұмтылуда. Huawei мемлекеттік құрылымдармен және салалық серіктестермен бірлесе отырып, жаңа буынның тұрақты, қауіпсіз әрі интеллектуалды инфрақұрылымын құру үшін халықаралық тәжірибесімен, озық шешімдерімен және технологияларымен бөлісуге дайын», — деді Huawei деректер байланысы өнімдері желісінің маршрутизаторлар домені бойынша вице-президенті Xu Huan.
Халықаралық ынтымақтастық пен тәжірибе алмасу IPv6 пен басқа да ғаламдық деңгейдегі технологияларды жедел енгізудің негізгі факторларының бірі ретінде аталды. CAPIF форумы Қазақстанның әлемдік цифрлық үрдістерге белсенді түрде кірігіп қана қоймай, болашақтың интеллектуалды әрі тұрақты инфрақұрылымын құруда аймақтық көшбасшылардың біріне айналуға дайын екенін көрсетті.