25–30 қыркүйек аралығында Өзбекстан Республикасының Хорезм облысы, Үргеніш қаласында әмбебап жекпе-жектен (UNIFIGHT) әлем чемпионаты өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Ауқымды додаға 12 елдің мықты спортшылары қатысты. Турнирдің атмосферасы нағыз ерлік пен күштің, спорт рухының көрінісіне айналды.
Қазақстан халықаралық аренада тағы да өз көшбасшылығын дәлелдеді. «Burkit Team» құрамасының өкілі, ҚР ІІМ Ұлттық ұланы 6655 әскери бөлімінің әскери қызметшісі Әзімжон Курбонбоев 75 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, әлем чемпионы атағы мен алтын медальді жеңіп алды!
Осылайша спортшымыз әлем чемпионы атағын үшінші рет иеленіп отыр. Бұл оның кәсіби деңгейінің жоғары екенін және қазақстандық әмбебап жекпе-жек мектебінің әлеуетін тағы бір мәрте айғақтайды.
Әзімжон Курбонбоевтың бұл жеңісі – ел спортының өркендеуіне серпін беріп, Қазақстанның әлемдік аренадағы абыройын асқақтатқан айтулы оқиғаға айналды.