Kazakhstan Energy Week – 2025 аясында Халықаралық Жаңартылатын энергия көздері агенттігінің (IRENA) ұйымдастыруымен «Орталық Азияда ЖЭК-ті енгізуді жеделдету» тақырыбында дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Іс-шараға IRENA бас директоры Франческо Ла Камера, ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов, Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев, Әзербайжанның Энергетика министрі Парвиз Шахбазов, Тәжікстанның Энергетика және су ресурстары министрі Джума Далер Шокафир және өзге де шетелдік делегаттар мен халықаралық сарапшылар қатысты.
Сессия Орталық Азия елдеріндегі энергетикалық ауысымды жеделдетуге бағытталған IRENA ұйымының APRECA бастамасы аясында өтті. Жиында 2030 жылға дейін жаңартылатын қуат көздерін үш есеге арттыру, энергия тиімділігін көтеру мәселелері талқыланды. Көтерілген ненізгі тақырыптар – инфрақұрылымды дамыту, өңірлік интеграция, заңнаманы жетілдіру, өндірісті жергіліктендіру және инвестиция тарту.
ҚР Энергетика министрі Ерлан Аккенженов өз сөзінде Қазақстанның декарбонизация және ЖЭК саласындағы нақты нәтижелерге қол жеткізгенін атап өтті.
Егер бастапқыда біз тек пилоттық жобалармен шектелсек, бүгінде елімізде 158 жаңартылатын энергия нысаны жұмыс істейді, олардың жалпы қуаты – 3,2 ГВт. 2025 жылы қуаты 450 МВт-тан асатын тағы 9 жаңа жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Ал 2035 жылға дейін қуаты кемінде 8,4 ГВт болатын жаңа нысандар салу үшін жетекші халықаралық компанияларды тарту көзделуде, – деді министр.
Ақкенженовтың айтуынша, бұл жоспарлар 2030 жылға қарай парниктік газдар шығарындыларын 15%-ға азайту және 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығына жету мақсаттарымен тығыз байланысты. Сондай-ақ ол ЖЭК саласындағы білім мен технологияларды ілгерілетуде IRENA-мен ынтымақтастықтың маңыздылығын ерекше атап өтті.
«IRENA Қазақстанға ЖЭК саясатын қалыптастыруға және өңірлік өзара іс-қимылды нығайтуға көмектесіп келеді. Бірлескен күш-жігеріміз жаһандық энергетикалық ауысымға біздің еліміздің лайықты үлес қосуына мүмкіндік береді», – деді ол.
Дөңгелек үстелдің қорытындысында қатысушылар Орталық Азияда ЖЭК-ті енгізуді жеделдету бойынша ынтымақтастықты жалғастыруға, тәжірибе алмасуға және энергетикалық қауіпсіздікті нығайтуға ниетті екендіктерін білдірді.