Қазақстан Қарулы күштері зымыран әскерлері және артиллерия мамандарын ұлықтауда, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бүгін Қазақстан Қарулы күштерінің зымыран әскерлері мен артиллерия мамандары кәсіби мерекесін атап өтуде.
Бұл күн кездейсоқ таңдалған жоқ. 2000 жылғы 4 қазанда Қорғаныс министрінің бұйрығымен Зымыран әскерлері және артиллерия қолбасшысының басқармасы құрылған болатын.
Зымыран әскерлері және артиллерия – Құрлық әскерлерінің негізгі құрамдас бөлігі. Әскери бөлімдер мен құрамалардың соғыс қуатын зымыран кешендері, реактивті дүркіндетіп оқ ату жүйелері, гаубицалық, зеңбіректік және минометтік артиллерия құрайды. Бөлімдердің басты міндеті – қарсыластың оқ ату құралдарын жою, бекіністерін бұзу, тірі күшін талқандау және ұрыс алаңында әскерге оқпен қолдау көрсету.
Бұл әскерлер жоғары дәлдіктегі кешендермен, заманауи артиллериялық барлау құралдарымен және оқ атуға арналған автоматтандырылған басқару жүйелерімен жабдықталған. Қарулануында минометтер, өздігінен жүретін артиллериялық қондырғылар, сүйретпелі зеңбіректер, гаубицалар, реактивті дүркіндетіп оқ ату жүйелері, тактикалық және танкіге қарсы зымыран кешендері бар.
Офицерлер мен мамандардың жоғары біліктілігі – әскердің жауынгерлік қабілеттілігінің негізі. Артиллеристерді даярлау Құрлық әскерлерінің әскери институты, Ұлттық қорғаныс университеті және Ш. Уәлиханов атындағы әскери колледж секілді жетекші оқу орындарында жүргізіледі. Сонымен қатар Қарағанды техникалық университеті мен Satbayev University әскери кафедраларының түлектері жыл сайын әскери дайындықтан өткен резервті толықтырып отырады.
Мамандар өздерінің кәсіби шеберлігін «Айбалта-2025» жедел-стратегиялық оқу-жаттығуы барысында көрсетті. Артиллериялық бөлімшелер атыс тапсырмаларын сәтті орындап, біріккен әскерлердің іс-қимылын қамтамасыз етіп, тиімді қолдау көрсетті.
Зымыран әскерлері мен артиллерия барлау, навигация және оқ атуды басқарудың заманауи құралдарымен жоспарлы түрде қайта жарақтандырылып, Қазақстан армиясының соққы қуатын нығайтуда.