Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде болашақтың ғылыми орталықтары ашылды

1155
Фотосурет: Gov

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде цифрлық білім беруді жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды бастама жүзеге асты. Университет жанындағы Digital Lady технопаркінде үш бірдей заманауи зертхана – «Apple class», «3D Lab» және «Атомдық және ядролық физика» зертханалары салтанатты түрде ашылды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Бұл жобалар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында айтылған цифрландыру мен жасанды интеллектіні енгізу жөніндегі стратегиялық мақсаттармен толық үндесіп отыр.

Зертханалардың ашылу салтанатына Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясы Директорлар кеңесінің тәуелсіз директоры, академик, Ұлттық құрылтай мүшесі Кәрімбек Құрманәлиев, Ақпараттық және есептеу технологиялары институтының Бас директоры, ҚР ҰИА академигі, профессор, ф.-м.ғ.д. Мақтағали Бектемісов, ITeacher Academy негізін қалаушы, Apple Authorized Reseller Юлия Андреева, QyzPU профессор-оқытушылар құрамы қатысты.

QyzPU ректорының міндетін атқарушы Сәбит Суатай жаңа зертханалардың студенттерге беретін мүмкіндіктеріне тоқталды.

«Қазіргі заманда білім беру жүйесі тек теориямен шектеліп қалмай, тәжірибе мен технологияны үйлестіруді талап етеді. Бүгінгі таңда ашылып отырған зертханалар – осы бағыттағы нақты қадамымыз. Олар студенттерге заманауи құралдармен жұмыс істеу, өз идеяларын прототипке айналдыру, цифрлық ортада еркін әрекет ету секілді маңызды дағдыларды меңгеруге жол ашады. Digital Lady технопаркінің негізінде құрылған Apple class, 3D Lab және «Атомдық және ядролық физика» зертханалары оқу мазмұнын тәжірибемен ұштастыра отырып, capstone-жобалар мен ғылыми зерттеулерге негіз болмақ. Сонымен қатар бұл зертханалар халықаралық хакатондарға, стартаптық бағдарламаларға қатысуға, халықаралық серіктестіктермен бірлескен жобалар жүргізуге мүмкіндік береді», – деді Сәбит Құрманжанұлы.

«Атомдық және ядролық физика» зертханасы – студенттерге атом ядросының құрылымы мен қасиеттерін терең түсінуге мүмкіндік беретін ғылыми орталық. Зертхана «Резонанстық потенциалды Франк және Герц әдісімен анықтау», «Зееман эффектісі», «Екі электронды жүйелердің атомдық спектрлері: He, Hg», «Фотоэффект көмегімен Планк тұрақтысын анықтау», «Балмер сериясы», «Ридберг тұрақтысын анықтау» сияқты атомдық физиканың маңызды тақырыптарын қамтитын зерттеулер жүргізуге мүмкіндік береді. Мұнда жас ғалымдар мен студенттер практикалық тәжірибе алып, ядролық физика саласындағы зерттеулер жүргізе алады.

«3D Lab» зертханасы – ғылыми-зерттеу және тәжірибелік жобалардың жаңа алаңы. Ол виртуалды және толықтырылған шындық (VR/AR) құрылғыларымен, инженерлік жобалауға арналған программалармен жабдықталған. Зертхана студенттерге үшөлшемді модельдеу, ғылыми объектілерді жобалау, виртуалды тәжірибелер жүргізу және өз стартап идеяларын тәжірибеде жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Бұл зертхана болашақ мамандарды зерттеуші, жаңашыл тұлға ретінде қалыптастыруға бағытталған инновациялық орта болып табылады.

«Apple class» зертханасы – цифрлық білім берудің жаңа орталығы. Зертхана толықтай iMac және iPad құрылғыларымен, заманауи мультимедиялық жабдықтармен және интерактивті смарт-панельмен қамтылған. Мұнда студенттер қолданбалы программалау, мобильді қосымшалар жасау, креативті жобаларды әзірлеу және графикалық дизайн негіздерін меңгереді. Сонымен қатар зертханада Apple Teacher және басқа халықаралық оқу бағдарламалары бойынша оқытушылар мен студенттерді сертификаттау мүмкіндігі қарастырылған.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -