Қазақстандық студенттер Қаржылық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық олимпиаданың жүлдегерлері атанды, деп хабарлайды DKNews.kz.
29 қыркүйек пен 3 қазан аралығында Красноярск қаласында Қаржылық қауіпсіздік жөніндегі V халықаралық олимпиада өтті. Биылғы шараға әлемнің 40 елінен 600-ден астам қатысушы жиналды.
Олимпиада барысында қатысушылар жастардың заңсыз әрекеттерге тартылу қаупін, соның ішінде дропперлік, киберқауіпсіздік, терроризмді қаржыландыру мәселелерін және осындай қауіптердің алдын алу жөніндегі халықаралық тәжірибені талқылады.
Қазақстан құрамасы атынан еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының 10 студенті қатысты. Олардың қатарында Maqsut Narikbayev University, Turan University, Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті, Е.А.Букетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті, А.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті, М.Ауезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті және Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің студенттері бар.
Қазақстан құрамасының дайындығы Қаржылық мониторинг академиясының (AML Academy) базасында өтті.
Барлық қатысушы жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, еліміздің атын халықаралық аренада абыроймен қорғады.
Зияткерлік сайыстардың қорытындысы бойынша үш студент жүлдегер атанып, ІІ дәрежелі дипломдармен марапатталды:
- «Құқықтану» бағыты бойынша – Maqsut Narikbayev University студенті Аманбаев Қуаныш;
- «Халықаралық қатынастар» бағыты бойынша – Maqsut Narikbayev University студенті Тілектес Мақсат;
- «Ақпараттық қауіпсіздік» бағыты бойынша – А.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің студенті Каландаров Халил.
Командамызды лайықты жеңісімен шын жүректен құттықтаймыз!
Сонымен қатар, жоғары оқу орындарының басшылығына және профессор-оқытушылар құрамына ерекше алғысымызды білдіреміз. Бұл жетістік – олардың қолдауы мен кәсіби еңбегінің, жастарға деген қамқорлығының нәтижесі.