Жамбыл ауданында қазақтың ұлы композиторы, күйші, дирижер Нұрғиса Тілендиевтің туғанына 100 жыл толуына арналған салтанатты шара өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Мерейтой ел руханияты мен өнерін ұлықтаған үлкен мереке болды.
Мерекелік іс-шара Жамбыл Жабаев ескерткішіне гүл қоюдан басталып, қонақтар ақынның кесенесіне зиярат етті. Одан кейін Нұрғиса Тілендиевтің мәңгілік мекеніне барып, тағзым жасалды. Айта кетейік, композитордың аманаты бойынша ол Жамбыл Жабаевтың жанына жерленген.
Жамбыл Жабаевтың әдеби-мемориалдық музейінде директор Салтанат Тезекбаева қонақтарға экскурсия өткізіп, ұлы жыраудың өмірі мен шығармашылығы туралы баяндады.
Негізгі мерекелік жиын «Көкбастау» ипподромында ұйымдастырылды.
Мұнда бес мыңнан астам адам жиналды. Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев атап өткендей, ЮНЕСКО Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығын 2025 жылғы маңызды мерейтойлар тізіміне енгізді.
Нұрғиса Тілендиевтің шығармашылығы қазақ руханиятының алтын қазығына айналды. Оның күйлері мен әндері — халықтың жаны мен тарихының үні, – деді аймақ басшысы. – Кеше ғана Іле ауданында оның аты берілген мәдениет үйі ашылып, ескерткіш орнатылды. Ұлы тұлғаның есімі еліміздің барлық өңірлерінде ұлықталуы тиіс.
Шарада қоғам және мәдениет қайраткерлері Нұрлан Оразалин мен Серік Үмбетов те сөз сөйлеп, композитордың адамдық болмысы мен өнердегі орнын ерекше атап өтті. Серік Үмбетов Нұрғиса ағаның соңғы аманатын орындап, оны Жамбылдың қасына жерлеу тарихын еске алды.
Мерейтой аясында өткен концертте қазақ фольклоры мен эстрадасының танымал әртістері өнер көрсетті. Орталық сахнада «Отырар сазы» оркестрі орындаған күйлер көрермендерді даланың әуезді үніне бөледі.
Кеш соңында қонақтар дәстүрлі тағамдар ұсынылған киіз үйлерге шақырылды. Ал мерекенің спорттық бөлігі бәйгемен жалғасты. «Көкбастау» ипподромында өткен аламан жарыста түрлі өңірлерден келген шабандоздар бақ сынады. Нәтижесінде «Аламан бәйге» бойынша Жетісу облысынан келген Марат Ақперлиновтың «Жұмыртұяқ» атты тұлпары бірінші келді.
Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған мерейтой — ел мәдениетіне, рухани сабақтастыққа деген құрмет пен мақтаныштың айғағы. Бұл күн қазақ музыкасының мәңгі жасайтынын тағы бір мәрте дәлелдеді.