Қазақстан мен БАӘ гидрометеорология саласындағы ынтымақтастықты нығайтуда

1529
Фотосурет: Gov

Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Е.Нысанбаев Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның Президенті, Біріккен Араб Әмірліктерінің Ұлттық метеорологиялық қызметінің басшысы Абдулла Ахмед Әл-Мандуспен және БАӘ-нің Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Мохамед Саид Әл-Арикимен кездесті, деп хабарлайды DKNews.kz.

Кездесу барысында тараптар гидрометеорология саласындағы ынтымақтастықты дамыту және бірлескен бастамаларды іске асыру мәселелерін талқылады.

Министр әмірлік тарапқа Қазақстанның ұлттық гидрометеорологиялық қызметті дамытудағы қолдауы үшін ризашылығын білдіріп, 2025 жылғы 2 қазанда қол қойылған БАӘ Ұлттық метеорология орталығы, «Қазгидромет» РМК және «Қазаэронавигация» РМК арасындағы ынтымақтастық туралы үшжақты Меморандум ұзақ мерзімді әріптестікті дамыту және ғылыми байланыстарды нығайту үшін берік іргетас болатынына сенім білдірді.

Қазақстан ДМҰ бастамалары мен бағдарламаларын іске асыруға белсенді қатысып отырғанын айта келе, Министр Е. Нысанбаев әлемдегі әрбір ел мен әрбір адамның қауіпті құбылыстар туралы заманауи ескертулерге қол жеткізуіне бағытталған «Барлығына ерте хабарлау» бастамасын іске асырудың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, ол кездесуге қатысушыларды ҰГМҚ тұрақты дамуын қамтамасыз ету бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабардар етті.

Өз кезегінде ДМҰ президенті, БАӘ Ұлттық метеорологиялық қызметінің басшысы А.Әл-Мандус қазақстандық тарапқа ынтымақтастығы және ағымдағы гидрометеорологиялық бақылаулар туралы қажетті ақпарат бергені үшін алғысын білдірді. Бұл ретте ол ЖЭК, ғарыш мониторингі, сондай-ақ ауыл шаруашылығы мен жол мониторингі бойынша қызметтерді жұмыс саласына енгізуді ұсынды. Ол сондай-ақ ауа-райын болжау, төтенше жағдайларды анықтау және бұлт себу үшін суперкомпьютерлерді пайдаланудың маңыздылығын атап өтті.

Сонымен қатар, әмірлік тарап Қазақстан мен БАӘ гидрометеорологиялық қызметінің мамандары үшін өзара тренингтер өткізуді ұсынды.

Кездесу соңында Е. Нысанбаев Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым мен Әмірліктер тарапының өкілдерін 2026 жылғы 22-24 сәуірде Астана қаласында өтетін өңірлік экологиялық саммитке қатысуға шақырды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -