Ақтауда өткен «Қорқыт ата» фестиваліне алты елдің режиссерлері мен актерлері жиналды

1155
Фотосурет: Gov

Қазанның 1-4 күндері Ақтау қаласында Түркі мәдениетін және өнерін дамыту халықаралық ұйымының (ТҮРКСОЙ) қолдауымен ұйымдастырылған «Қорқыт ата» халықаралық кинофестивалінің салтанатты жабылу рәсімі өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.

Түркі әлемі елдерінің басын қосқан мәдени маңызды іс-шараға режиссерлер, актерлер, продюсерлер мен қалың көрермен жиналды. «Қорқыт ата» фестивалі Ақтаудың әлемдік түркі кинематографиясының жаңа орталығы ретіндегі мәртебесін тағы бір мәрте айқындады.

Фестиваль аясында Түркі дүниесі елдерінің Киносаммиті өтті. Оған мемлекеттік органдардың өкілдері, ұлттық киноорталықтар, сарапшылар мен кинематографистер қатысты. Саммиттің негізгі тақырыбы – «Түркі әлемі және кино: ынтымақтастықтың жаңа көкжиектері». Мемлекеттік кино саясаты, халықаралық копродукцияның болашағы, бірлескен жобаларды жүзеге асыру және кинематограф арқылы мәдени байланыстарды нығайту мәселелері талқыланды.

Түркі әлемі жұртына ортақ іс-шарада Қазақстан Республикасының Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы мен Әзербайжан, Қырғызстан, Түрікменстан, Түркия және Өзбекстанның ұлттық кино ұйымдары арасында ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. Бұл келісімдер көркем, деректі және анимациялық фильмдерді бірлесіп өндіруді, шеберлік сабақтары мен семинарлар өткізуді, кәсіби құзыреттермен алмасуды және түркі халықтарының мәдени мұрасын дәріптеуді көздейді.

Кинофестиваль бағдарламасына 47 фильм енді. Түрлі жанрдағы жобаларды халықаралық қазылар алқасы саралады.Фестивальдің қорытындысы негізінде «Үздік көркем фильм» номинациясын Қырғызстанның «Қара. Қызыл. Сары» көркем фильмі жеңіп алды. «Үздік режиссер» атағы отандық «Жоқтау» фильмін түсірген Аруан Анартай иемденді. «Деректі фильм» аталымында қазақстандық «Пряники» туындысы топ жарды. Екі фильм де ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген.

«Үздік сценарий» Әзербайжандық «May be» фильмін жазған Талех Юзбековке бұйырды. «Үздік актриса» номинациясына «Shamskamar» киносында ойнаған өзбекстандық Юлдуз Раджабова мен «Beyond the Rails» киносындағы түркиялық актриса Минэ Доган лайық деп танылды. «Үздік актер» ретінде «Oil» фильмімен әзербайжандық Парвиз Мамедрзаев жеңіске жетті.

ТҮРКСОЙ-дың «Түркі мәдениетіне қосқан үлесі үшін» арнайы сыйлығы Самал Еслямоваға табыс етілді. Қазылар алқасының арнайы жүлдесі Түркіменстанның «Кітап», Қырғызстанның «Kachkyn» фильмдеріне бұйырды. «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының» басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағали отандық киноны қолдауға үлес қосқан «Кинопарк» кинотеатрлар желісінің басшысы Алмаз Малдыбаевқа арнайы сыйлықты табыс етті.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -