Бүгін, 2025 жылы 6 қазанда, Қазақстандағы XII Азаматтық форумға дайындық шеңберінде ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Айдар Сайтбековтің «Заң және тәртіп – біртұтас қоғамның негізі: азаматтық сектордың рөлі» тақырыбында үкіметтік емес ұйымдармен кездесуі өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Кездесуге Ішкі істер министрлігінің, Мәдениет және ақпарат министрлігінің, Қазақстанның Азаматтық альянсының, үкіметтік емес ұйымдардың және сарапшылар қауымдастығының өкілдері қатысты.
Кездесу барысында ішкі істер органдары мен азаматтық қоғам арасындағы өзара байланыс мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, құқық бұзушылықтың алдын алу, азаматтардың құқықтарын қорғау, тұрмыстық зорлық-зомбылық пен кәмелетке толмағандар қылмысының алдын алу, есірткі қылмысына, киберқауіптерге, экстремизм мен радикализацияға қарсы іс-қимыл, сондай-ақ сотталғандарды әлеуметтік бейімдеу және қайта әлеуметтендіру тақырыптары көтерілді.
Сонымен қатар, құқық қорғау саласында цифрлық шешімдерді енгізу және ІІМ мен ҮЕҰ арасындағы серіктестікті дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Форумға дайындық аясында мемлекеттік органдар мен азаматтық сектор арасындағы өзара сенімді нығайтуға бағытталған ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылып, тақырыптық сессиялар өткізілді.