Қарағанды облысында өткен «Абай әлемі» байқауы өңірдегі түрлі этнос өкілдерін бір арнаға біріктірді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Шығармашылық сайыс Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына және ұлы ақын, ойшыл, ағартушы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналды.
Қатысушылардың айтуынша, бұл байқау ұлы Абайдың мол рухани мұрасын терең танып, қазақ халқының мәдениетіне деген құрмет пен сүйіспеншілікті сезінуге мүмкіндік берді. Сайыс үш аталым бойынша ұйымдастырылды: хормен орындау, жеке ән айту және Абай шығармаларын көркем оқу.
Қазылар алқасы қатысушылардың жоғары дайындық деңгейін, сахналық мәдениеті мен орындаушылық шеберлігін ерекше атап өтті. Үздіктерді анықтау оңайға соқпағанын да жасырмады.
Хор орындау номинациясында Теміртау қаласынан келген «Берегиня» орыс этномәдени орталығы жеңімпаз атанды. Жеке орындауда Бұқар жырау ауданынан Лариса Сәбитова үздік шықса, көркем оқу аталымында қарағандылық Елизавета Седышева бірінші орынды иеленді.
– Бұл байқау жаңа таланттарды танытумен қатар, Абайдың мәңгілік құндылықтары – Отанға деген сүйіспеншілік, ізгілік пен білімге ұмтылу жайлы өсиеттерін еске салды, – деді Лариса Сәбитова.
Жеңімпаздарға дипломдар мен ақшалай сыйлықтар табысталды. Барлық қатысушыларға естелік сыйлықтар мен алғыс хаттар берілді.