Вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мемлекеттік органдар, Шекара қызметі, Сыртқы істер министрлігі, ІІМ Көші-қон қызметі комитеті басшыларының, шекара маңы өңірлері әкімдері орынбасарларының және Парламент Мәжілісі депутатының қатысуымен жедел кеңес өткізді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Жиын тақырыбы – Ресей Федерациясына кіру кезіндегі өткізу пункттерінде жүк көліктерінің тұрып қалуы мен Ресей Федерациясының көші-қон заңнамасының жаңа нормаларының қолданылуына байланысты жүргізушілердің шағымы.
2025 жылғы 1 қаңтардан бастап Ресейде заң күшіне енді. Оған сәйкес шетелдік азаматтар кіру және шығу санына қарамастан күнтізбелік жыл ішінде 90 күннен аспайтын мерзімде тіркеусіз Ресей Федерациясының аумағында бола алады. Бұрын бұл мерзім бір жыл ішінде 180 күн болған. Бұл шектеу халықаралық жүк пен жолаушы тасымалын жүзеге асыратын жүргізушілерге де қолданылады. Сонымен қатар Ресей мен Беларусь аумағында болу жалпы есепке алынады. Өйткені бұл елдер одақтас мемлекет. Осылайша, жүргізушінің Беларусте болуы Ресейде болу ретінде есептеледі. Сөйтіп, рұқсат етілген мерзім едәуір қысқармақ.
Бұл норма Қазақстан, Армения, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан мен басқаларды қосқанда, визасыз елдердің біразына қолданылады. Сонымен қатар ҰҚК Шекара қызметінде нақтыланғандай, егер шетелдік азамат тұруға ықтиярхат, рұқсат немесе уақытша тұруға өтініш сияқты рұқсат құжатын рәсімдеген болса, болу мерзімі есепке алынбайды. Мұндай жағдайда шектеу тоқтатылады.
Қазақстанда шетелдік азаматтардың осыған ұқсас тіркеусіз болу талабы алты ай ішінде 90 күн. Ол халықаралық жүк және автобус рейсін орындайтын жүргізушілерге қолданылмайды. Бұл халықаралық тәжірибеге сәйкес келеді.
Осы жылғы қыркүйектен бастап Ресей тарапынан сұр импортты анықтау бойынша жүргізіп жатқан рейд жағдайды ушықтырған. Қосымша тексерудің кесірінен кейбір өткізу пункттерінде жүк көлігін тексеру уақыты артты.
Мәжіліс депутаты Болатбек Нәжіметдинұлы көші-қон заңнамасының жаңа ережелерінің қолданысына іс жүзінде халықаралық тасымалдаушылар ғана емес, ЕАЭО елдерінің ішінде жұмыс істейтін жүргізушілер де кіргенін атап өтті. Олардың көпшілігінде Ресей Федерациясында болу шегі таусылып, рейске қайта шығу үшін жаңа жылдың басталуын күтуге мәжбүр.
Белгіленген 90 күндік шектік межеден асқан кейбіреулер ұсталды және көші-қон заңнамасының жаңа нормаларын бұзуға байланысты елден кету қажеттілігі туралы хабарлама алды.
Қазақстандық тарап ресейлік әріптестерімен түрлі деңгейде келіссөздер жүргізуде. 7 қазанда Серік Жұманғарин бұл мәселені Ресей Федерациясының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Алексей Бородавкинмен кездесуде атап өтті. Екі тарап туындаған қиындықты бірлесіп және жедел реттеуге дайын екендігін білдірді. ЕЭК-ке қалыптасқан жағдайды сыртқы саудаға кедергі келтіретін тосқауыл деп тану туралы ресми өтініш жолданды. Бұл мәселе 13 қазанда ЕЭК алаңында және 7 қарашада Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссияның 26-отырысында қаралады.
Қазақстанның Ресеймен шекарасында 30 автокөлік өткізу пункті жұмыс істейді. 2024 жылы өткізу пункттері арқылы 14,3 млн адам, 3 млн жеңіл және 2 млн жүк автокөлігі өткен. Жүк көлігіне арналған ең ірі өткізу пункттері — Сырым, Қайрақ, Жайсаң, Қосақ, Ауыл, Құрманғазы және Жаңажол.