Парламент Сенатының Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Іс-шара барысында депутаттар қазақстандықтарды әлеуметтік қорғауға арналған заңдарды қарады, деп хабарлайды DKNews.kz.
Суретті түсірген: Н.Байбулин
Отырыста сенаторлар «Дамушы елдерді ерекше ескере отырып, ең төмен жалақыны белгілеу туралы конвенцияны (131-конвенция) ратификациялау туралы» заңды қарап, мақұлдады. Талқылау кезінде айтылғандай, бұл заңды қабылдау Қазақстанның ең төменгі жалақыны айқындауға арналған қолданыстағы тәсілдерін халықаралық деңгейде бекіту және әлеуметтік диалогтың құқықтық базасын нығайту жолында айрықша маңызға ие.
Суретті түсірген: Н.Байбулин
«Дамушы елдерді ерекше ескере отырып, ең төмен жалақыны белгілеу туралы конвенцияны ратификациялау туралы» заң еліміздің Халықаралық еңбек ұйымының мүшесі ретіндегі міндеттемелерін орындау мақсатымен әзірленген. Конвенция азаматтардың қажеттіліктерін және мемлекеттің экономикалық даму деңгейін ескере отырып, ең төменгі жалақыны белгілеу жүйесін енгізуді көздейді. Сондай-ақ ең төменгі жалақы мөлшерін уақыт өте қайта қарау рәсімі айқындалды. Мақұлданған заң азаматтарымызды әлеуметтік қорғау жүйесін одан әрі жетілдіруге өз септігін тигізеді деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.
Осылайша, келісімді ратификациялау Қазақстанның Халықаралық еңбек ұйымына мүше ретіндегі халықаралық міндеттемелерге бейіл екенін растайды және еңбекақының ең төменгі деңгейін белгілеу кезінде әлеуметтік әділеттілік пен экономикалық негіздеме арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етеді.
Суретті түсірген: Н.Байбулин
Сонымен қатар Сенат отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қатар Мемлекетінің Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасынан келген жұмыскерлерді Қатар Мемлекетінде жұмысқа орналастыруды реттеу туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қарап, мақұлдады. Сенат Төрағасы атап өткендей, заңды қабылдау нәтижесінде Қатар мемлекетіне жұмысқа баратын Қазақстан азаматтарын құқықтық және әлеуметтік қорғау қамтамасыз етіледі.
Суретті түсірген: Н.Байбулин
«Қаралған келісім Қазақстан азаматтарының Қатар мемлекетінде жұмысқа орналасуы үшін құқықтық негіз қалыптастыруды көздейді. Осы мақсатпен тараптар арасында туындайтын қатынастар жан-жақты реттеліп отыр. Атап айтқанда, Қатар мемлекетінде жұмыс істейтін жерлестеріміздің жол мен баспана шығындары шақырушы тарап есебінен өтелетін болады. Сондай-ақ еңбек демалысымен және медициналық қызметпен қамтамасыз ету жұмыс берушіге жүктелді. Алдағы уақытта бұл заң Қатар мемлекетінде жұмыс істейтін азаматтарымыздың құқықтарын толық қорғауды қамтамасыз етуге өз үлесін қосады деп сенеміз», – деді Палата Спикері.
Келісімге Қазақстандық азаматтарды іріктеу, жұмысқа қабылдау және орналастыру кезінде олардың құқықтарын айқындау рәсімдерін белгілеумен қатар қосымша ретінде Қатар мемлекетінде Қазақстан Республикасынан жұмыскерлерді жалдау туралы үлгілік еңбек шарты бекітіледі. Бұл құжатта жұмыс берушінің Қатар мемлекетінің заңнамасына сәйкес тұрғын үй беру немесе тұруға жәрдемақы төлеу, жұмыс орнына дейін және кері қарай тегін көлікпен қамту не көлік жәрдемақысын төлеу, медициналық қызмет көрсету және жыл сайынғы демалысты қоса алғанда, жұмыскерлерді жұмыспен қамту жөніндегі міндеттері жазылады. Бұл ретте, Қатардың жұмыс берушісі үлгілік еңбек шартына қандай да бір өзгерістер енгізуге құқылы емес екенін айта кеткен жөн.