Қазақстан әйел-ғарышкерлерді даярлау бойынша бірегей ғылыми эксперимент өткізді

1441
Фотосурет: Gov

Қазақстанда әйелдер ғарыш экипажының қатысуымен алғашқы “SANA-1” эксперименті аяқталды, де хабарлайды DKNews.kz.

Астанада әйелдер ғарыш экипажын даярлауға арналған еліміздегі алғашқы ғылыми эксперименттің аяқталу рәсімі өтті. «SANA-1» жобасы Ғарышкерлерді даярлау жөніндегі зерттеу тобының, ҚБТУ-дың, «Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығы» АҚ-ның (ҰҒЗТО), ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі жанындағы Аэроғарыш комитетінің және «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясының қолдауымен жүзеге асырылды.

Жобаның ерекшелігі - инженер және зерттеуші әйел адамдар қатысты. Бұл Қазақстанның ғылым мен технология салаларындағы гендерлік теңдікті дамытуға қосқан үлесі. Бүгінде әлемдегі ғарышкерлердің шамамен 12,5%-ы ғана нәзікжандылар. Эксперимент нәтижелері оқшауланған ортада эмоционалдық реттеу, когнитивтік икемділік және күйзеліске төзімділікті зерттеу үшін маңызды.

Эксперименттің өткізілуі Бүкіләлемдік ғарыш апталығымен (жыл сайын 4-10 қазан аралығында аталып өтеді) тұспа-тұс келді.  Биыл апталық тақырыбы – «Living in Space» (Ғарыштағы өмір) деп аталды. Бұл адамзаттың ғарышты “өмір сүруге болатын орта” ретінде игеруге деген ұмтылысын бейнелейді.

Жобаның ғылыми жетекшісі Алина Гутореваның айтуынша, SANA-1 миссиясының мақсаты - оқшаулану кезіндегі адамның когнитивтік, физиологиялық және эмоционалдық бейімделуін зерттеу. Экипаж медициналық, физиологиялық, психологиялық сынақтардан өтті (ЭКГ, талдаулар, COVID-тест), когнитивтік және мінез-құлықтық эксперименттерді орындады, капсуланың инженерлік жүйелерін бағалады. Эксперимент барысында зерттеушілердің монотондық жағдайда, оқшаулану кезіндегі төзімділігі мен қарым-қатынас орнатуы зерттелді.

Алынған деректер оқшаулану кезінде психофизиологиялық жағдайды бақылау жүйелерін және ұлттық ғарышкерлерді даярлау бағдарламасын әзірлеуге негіз болады. Сондай-ақ күйзеліс кезінде төзімділікті арттыру туралы әдістемені жасауға, ұзақ уақыт бойы ғарышта болуға арналған капсуланы жобалауға септігін тигізеді және нәтижесі Space Days Kazakhstan және COPUOS сынды  халықаралық конференция мен форум, сондай-ақ ғылыми жарияланымдарда ұсынылады.

Дәл осы күні, 34 жыл бұрын Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш ғарышкері, халық қаһарманы, авиация генерал-майоры Тоқтар Әубәкіров ғарыштық сапарын аяқтаған еді. Шара барысында ол тәжірибесімен бөлісіп, психологиялық тұрақтылық, топтық жұмыс пен өз күшіне сенудің маңыздылығын атап өтті. Ғарышкер сөзі ұрпақтар сабақтастығы мен саланың үздіксіз дамуының айғағы.

Салтанатты рәсімнің соңында ұйымдастырушылардың бірі, ҰҒЗТО басқарма төрағасы Марат Жәнікеев “SANA-1” экспериментіне қатысушыларға бағдарламаны сәтті аяқтағаны үшін дипломдар табыстады. Бұл олардың қазақстандық ғылымның дамуына қосқан үлесін мойындаудың және болашақ зерттеушілердің кәсіби дайындығының жарқын үлгісі.

“SANA-1” командасы әйелдер көшбасшылығы, эмпатия мен бір-бірін қолдау, оқшаулану кезіндегі экипаж тұрақтылығының аса маңызды ресурсы бола алатынын көрсетті.

Бұл нәтижелер ғарышкерлерді даярлаудың жаңа стратегиясын, эмоционалдық күйзелістің алдын алу және болашақ экипаждарды психологиялық қолдау жүйелерін әзірлеуге жол ашады, сондай-ақ әйелдердің ұзақ мерзімді миссияларға белсенді қатысуына арналған бағдарламаларды дамытуға ықпал етеді.

Жоба ғылым, білім және қоғамның дамуына айтарлықтай үлес қосып, экстремалды жағдайдағы адам психологиясы, бейімделуі мен когнитивтік тұрақтылығын зерттеудің жаңа тәсілдерін қалыптастырады. Сондай-ақ ол әйелдер арасында STEM бағыттарын танымал етуге және пәнаралық ғылыми ынтымақтастық мәдениетін нығайтуға ықпал етеді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -