Алматы Ұлыбританияның халықаралық серіктесі ретіндегі ұстанымын нығайтуда

1309
Фотосурет: Gov

Алматы әкімі Дархан Сатыбалды Орталық Азия мен Әзірбайжан бойынша Ұлыбританияның Сауда өкілі, лорд Джон Алдердайспен кездесті, деп хабарлайды DKNews.kz.

Кездесу барысында тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды дамыту, сондай-ақ Алматы мен Ұлыбритания арасындағы іскерлік және гуманитарлық ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады.

Дархан Сатыбалды атап өткендей, Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы достық және өзара сенімге негізделген қарым-қатынастарға 30 жылдан асты. Бүгінде бұл байланыстар нақты серіктестік аясында табысты дамып келеді.

«2025 жылдың жеті айында Алматы мен Ұлыбритания арасындағы өзара сауда айналымы 125 млн АҚШ долларын құрады. Сонымен қатар туристік бағыт та белсенді дамып келеді. Биыл Алматыға Ұлыбританиядан келген туристер саны 6 мыңнан асты, бұл елді шетелдік 11 негізгі туристік бағыттың қатарына енгізді», – деді қала әкімі.

Өз кезегінде лорд Алдердайс Ұлыбритания тарапынан сауда, білім, инновация және орнықты қалалық даму салаларында әріптестікті кеңейтуге мүдделілік бар екенін атап өтті. Оның айтуынша, Алматыда бірлескен жобаларды жүзеге асыруға зор әлеует бар.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар өзара ынтымақтастықты нығайтуға және Алматы мен Ұлыбритания арасындағы серіктестікті дамытуға бағытталған ортақ жобаларды іске асыруға дайын екенін білдірді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -