ЮНЕСКО мен Қазақстан материалдық емес мәдени мұраны сақтау үшін күш біріктіруде

2376
Фотосурет: Gov

Қазақстанда ЮНЕСКО қамқорлығымен материалдық емес мәдени мұраны сақтау бойынша пилоттық жоба жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды DKNews.kz.

Бұл жобаға бес өңір енгізілген, соның бірі – Қарағанды облысы. Мәдени мұраны дәріптеу жөніндегі бастама ұлттық дәстүрлерді кеңінен насихаттауға бағытталған маңызды қадам болмақ.

Материалдық емес мәдениетті қорғау жолдары Қарағандыда өткен аймақтық семинар-кеңесте талқыланды. Іс-шараға қолөнершілер, этнографтар, тарихшылар, өлкетанушы кітапханашылар мен қоғам қайраткерлері қатысты.

– Қарағанды облысы бұл бағыттағы жұмыстарға зор үлес қосып келеді. Өңірде материалдық емес мәдени мұраның 17 жаңа элементі тіркелген. Бұл – айтарлықтай жетістік. Біз этномәдени бірегейлігімізді нығайтуға ұмтылып отырмыз. Президент айтқандай, бұл – біздің тәуелсіздігіміздің кепілі. Ал оны сақтау жолы біреу ғана – келесі ұрпаққа аманаттау, – деді материалдық емес мәдени мұра мәселелері жөніндегі ЮНЕСКО Ұлттық комиссиясы төрағасының орынбасары Рустам Мұзафаров.

Оның айтуынша, материалдық емес мұра тек күй мен ән ғана емес, сонымен бірге ежелгі қолөнер, ауыз әдебиеті дәстүрлері, мерекелер мен рәсімдер секілді халықтың болмысын айқындайтын рухани құндылықтардың жиынтығы.

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Ноян Жүнісовтің айтуынша, мұра элементтерін сипаттау мен тіркеу жұмысы жалғасады. Бұл мақсатта «тірі мұра» мәселелерін жүйелі түрде қарастыратын, ғылыми және шығармашылық іс-шаралар өткізетін жұмыс тобы құрылып жатыр.

Кездесуде қазақ музыкалық мәдениетінің символына айналған ерекше «Ортеке» күйі де еске алынды. Бұл феномен ЮНЕСКО-ның пилоттық жобасына Қарағанды облысы атынан ұсынылған болатын. Тамыры ежелгі петроглиф дәуіріне кететін бұл өнер түрі бүгінде де ғалымдар мен музыканттарды шабыттандырып келеді.

Қазір облыста көне өнер түрлерін қайта жаңғырту бағытында белсенді жұмыстар жүргізілуде. Жергілікті шеберлер мен этнографтардың еңбегінің арқасында ұмыт болған көптеген дәстүр қайта жанданып жатыр. Үйірмелер ашылып, фестивальдер ұйымдастырылуда, халық шығармашылығына арналған бейнематериалдар мен ғылыми жинақтар жарық көруде. Өткен жылы «Өлкетану» атты алғашқы оқу құралы жарыққа шыққан.

Шығармашылық ұйымның жетекшісі Перизат Құлымбетова дәстүрлі білім мен тәжірибені аға буыннан кейінгі ұрпаққа жеткізудің маңыздылығын атап өтті. Ол тұрғындарға үндеу тастап, егер үйлеріңізде көне бұйымдар – кілем, сандық және басқа да жәдігерлер сақталған болса, оларды зерттеуге мүмкіндік беруді сұрады. Бұл мұраларды ғылыми тізімге енгізу арқылы ұлттық құндылықтарды сақтауға көмектеседі, деді спикер.

Кеңес аясында Қарағанды облысының шеберлері әзірлеген қолөнер туындыларының көрмесі ұсынылды.

Пилоттық жоба екі жылға есептелген және 2026 жылға дейін жалғасады. Болашақта бес өңірдің тәжірибесі бүкіл ел бойынша таратылмақ.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -