Мобилография майданында: әскери өмірді обьективке сыйғызған сарбаз

1265
Фотосурет: Ұлттық ұлан

Қазіргі цифрлық дәуірде ақпаратты жылдам әрі әсерлі жеткізудің ең қолжетімді жолдарының бірі — мобилография. Бұл ұғым ұялы телефон арқылы фото және бейне түсіру, оларды өңдеп, көрерменге сапалы түрде ұсыну өнерін білдіреді.

Мобилография — жаңа, бірақ қарқынды дамып келе жатқан сала және заманауи адамның шығармашылығын, жылдам ойлау мен техникалық сауаттылығын дамытатын жаңа кәсіби бағыт. Уақыт өткен сайын ол бұқаралық ақпарат пен мәдениет саласында өз орнын нығайтып келеді. Бүгінде ол тек әуесқой іс емес, кәсіби бағытқа айналып отыр. Смартфон камераларының сапасы артқан сайын, қарапайым азаматтар да журналистік, шығармашылық және деректі бейне түсіру ісімен айналыса бастады.

Қоғамдағы басқа салалар секілді әскери салада да мобилографияның рөлі артып келеді. Сарбаздар мен әскери қызметкерлер өз бөлімшелерінің өмірін, жаттығулар мен іс-шараларын түсіріп, халыққа әскери қызметтің шынайы келбетін көрсетуде. Бұл – патриоттық тәрбиенің де жаңа форматы.

Қазіргі ақпараттық дәуірде әскери қызмет тек тәртіп пен дайындықпен шектелмейді. Бүгінде Ұлттық ұланның әскери бөлімдерінің имиджін қалыптастыруда, қоғаммен байланысын нығайтуда және жастардың әскерге деген қызығушылығын арттыруда мобилографияның рөлі ерекше артып, әскери қызметтің маңызды бөлігіне айналып келеді. Ол сарбаздардың шығармашылығын шыңдап қана қоймай, ел мен әскер арасындағы рухани байланысты күшейтетін заманауи коммуникациялық құрал.

Тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар бөлімшесінің бастығы подполковник Рустам Касымбеков: «Бүгінде әскерімізде мобилография патриоттық тәрбиенің тиімді құралына айналып отыр. Жастар әлеуметтік желілерде сарбаздардың еңбегін, олардың ел қорғаудағы ерлікке толы жауынгерлік жолын көріп, Отан қорғау ісіне деген құрметін арттырады. Қазіргі жас сарбаздардың мобилографияға деген қызығушылығы мен шығармашылық қабілеті әскери бөлімнің имиджін арттырып, жастардың әскерге деген қызығушылығын күшейтеді. Өз ісіне адал, қызметіне жауапты әрі талантты сарбаз – жаңа буын әскери қызметшілердің жарқын бейнесі» - дейді.

Мобилографтың қазіргі замандағы креативті маман екенін ескерсек, қолында смартфоны бар жастардың кез-келгені осы іске бейім болып келеді.

Ал, әскери ортада мобилография сарбаздардың шығармашылық қабілетін дамытып қана қоймай, ақпараттық мәдениеттің де дамуына үлес қосады. Бүгінгі заманда сарбаз тек қару ұстап, ел қорғаған жауынгер ғана емес — заманауи технологияны меңгерген, шығармашылық көзқарасы бар тұлға.

Мобилограф - сарбаздар өз бөлімшелерінің күнделікті өмірін, жаттығулар мен іс-шараларын, әскери өмірдің қызықты сәттерін түсіріп, көпшілікке ұсынады. Бұл бейнелер арқылы халық әскери қызметтің шынайы келбетін көреді.

Әскери мобилографтардың жұмысы бөлімшенің ақпараттық беделін көтеріп, қоғамға ашық әрі заманауи көзқарасты қалыптастырады. Бұл — қазіргі заман талабына сай, әскери қызметтің имиджін нығайтудың жаңа тәсілі.

Осындай жан-жақты жас жауынгердің бірі – әскери қызметте қару мен камераны қатар ұстап, мобилография өнерін жетік меңгерген, қатарластарына үлгі болып жүрген үздік сарбаз - қатардағы жауынгер Ұланұлы Думан. Әскери бөлімде штаттан тыс мобилограф болып тағайындалған жауынгер Ұланұлы Думан қызмет барысында әскери дайындықпен қатар, әрбір күннің қызықты сәттерін фото және бейне түрінде түсіріп, бөлімшенің тыныс-тіршілігін әлеуметтік желілер мен ақпараттық ресурстар арқылы таныстырып келеді. Оның кадрлары әскери өмірдің тек қатаң тәртіп пен жаттығудан тұрмай, адал достық, бауырмалдыққа толы екенін дәлелдейді.  

Қатардағы жауынгер Ұланұлы Думан қазіргі таңда Ұлттық ұланның Шымкент қаласында орналасқан 6698 әскери бөлімінде мерзімдік қызметін атқарып жүр. Әскери қызметке 2024 жылдың желтоқсан айында шақырылды.

Талантты жауынгер Жетісу облысы Алакөл ауданы Қазақстан ауылының тумасы. Ата-анасы – жеке кәсіпкерлер. 2021 жылы 9 сыныпты аяқтаған соң, Талдықорған қаласындағы политехникалық колледжге «Архитектура» мамандығы бойынша оқуға түсіп, 2024 жылы қызыл дипломмен аяқтайды. Студент кезінде оқу ордасының қоғамдық өміріне белсене араласып, әртүрлі мәдени іс-шараларға қатысады. Өнер ішінде кино саласын ұнатып, актер ретінде де бағын сынап көреді. Әртүрлі қысқа метражды киноларға түседі. Кино түсірілімі барысында операторлардың ісіне қызығады.  Кәсіби оператор болмаса да, қарапайым смартфон арқылы кадрлар алуды үйрене бастайды. Осылайша мобилография саласына келеді. Диплом алған соң, Талдықорған қаласында әртүрлі отбасылық мерекелерді ұйымдастыру орталығының мамандары арасында кәсіби мобилограф болып қызметін бастайды.

Уақыты келіп 2024 жылы әскерге шақырту алады. 25 желтоқсанда Шымкент қаласындағы 6698 әскери бөліміне Отан алдындағы әскери борышын өтеуге келеді. Ленгер қаласында әскери қызметтің алғашқы дайындығынан өткізетін оқу орталығында жүріп, мобилограф ретінде өзінің кәсібилігін көрсетеді. Оқу пунктіндегі жас жауынгерлердің алғашқы әскери қызметке дайындығын, басқа да жас сарбаздарды әскери өмірге бейімдеуде өткізіліп жатқан іс-шараларды түсіріп, арнайы материалдар дайындайды. Алайда ол әскерге келгендегі өзінің басты мақсатын алдыңғы орынға қойып, жауынгерлік қызметтің қыр-сырын үйрене бастады. Алғашқы ату-жаттығу кезінде-ақ өзінің шеберлігін танытып, нысанаға дәл тигізіп, үздіктер қатарына шығады. Жас жауынгерлермен арнайы кездесуге келген «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Талапкер Амриевтің қолынан өзінің алғашқы «Үздік атқыш» деген марапатын алады.

  Әскери бөлімге келгеннен кейін, жауынгерлік қызметі мен қатар әскери бөлімнің мобилограф маманы ретінде әскери бөлімнің жауынгерлік қызметін дәріптеуге салмақты үлесін қосып келеді.

«Бұл мамандық мен үшін қызыққа, жаңашылдыққа толы бағыт. Мобилография бүгінде қоғамдағы кез-келген салада тек хобби емес, ақпарат таратудың, оқиғаны сол сәтінде жедел жеткізудің тиімді тәсіліне айналғалы қашан.

Мықты мобилограф болу үшін шынында шығармашылық даму, қабілетіңді шыңдау ерекше қажет. Бір-екі минуттық материалдың артында кадрды дұрыс ұстау, жарық пен көлеңкені үйлестіру, кез-келген сәтті бөлек қырынан көрсету, материалды қызықты форматта ұсыну, сонымен қатар камеранаың барлық баптауларын жетік білу, монтаждау, замануи трендтерді қосу сияқты  тағы басқа да көптеген еңбек жатыр. Ал әскери өмірде мұндай бағыттың дамуы ерекше маңызға ие, сарбаздың көзімен түсірілген кадрлар – әскери өмірдің шынайы бейнесін көрсететіні рас. Алайда бұл менің әскердегі басты қызметіме еш кедергі келтірмейді. Біз тәулік бойы әскери қалашық пен материалдық маңызды нысандарды күзетіп, бөлімнің қауіпсіздігін қамтамасыз етеміз. Негізгі міндетіміз — жоғары деңгейде қызмет атқарып, Отанды қорғау. Жауынгерлік қызмет — жоғары жауапкершілік пен қырағылықты қажет етеді,

табандылықты талап етеді. Күнделікті қызметте осындай қасиеттерді бойымызға сіңіруге, отансүйгіштікке, адалдыққа, батылдыққа үйреткен барлық командирлеріме алғыс айтамын. Отанға қызмет етіп, ел тыныштығын қорғап, азаматтық борышымды абыроймен атқарып жүрмін. Бір жылдық әскери қызметімнің аяқталуына да аз күндер қалды. Ата-анама, жақындарыма апта сайын хабарласып, жетістіктеріммен бөлісіп тұрамын. Мен Ұлттық ұланның жауынгері болғаныма мақтанамын»,- дейді мобилограф сарбаз Ұланұлы Думан.

Мобилограф сарбаз – заманауи әскердің жаңа тынысы. Бір жыл қызмет барысында батылдық пен патриотизмді дәріптеп жасаған жарқын бейнематериалдары әскери бөлімнің тарихында қалары сөзсіз. Осындай жігерлі, білімді жастар еліміздің қорғанысын ғана емес, рухани келбетін де нығайтып келеді.

​​​​​​​6698 әскери бөлімі

капитан Шынжігітова Малика

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -