Қазақстан халықаралық қаржы институттарымен экономикалық ынтымақтастықты нығайтуда

1177
Фотосурет: primeminister.kz

Вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Дүниежүзілік банк пен Халықаралық валюта қоры жанындағы Швейцариялық кіші топтың отырысында сөз сөйледі, деп хабарлайды DKNews.kz.

Ол өз сөзінде Қазақстанның 30 жылдан аса уақытқа созылған Дүниежүзілік банк тобымен стратегиялық әріптестігі экономиканың өсуінде, кедейлікті төмендетуде және инфрақұрылымды дамытуға арналған экономикалық реформаларды жүзеге асыруда шешуші рөл атқарғанын атап өтті.

«Қазақстанның ұлттық экономиканы дамыту нәтижесі тұрақты оң динамиканы көрсетіп отыр. Биыл еліміздің ЖІӨ $310 млрд-тан асты. Бұл Орталық Азия экономикасының 60%-ы», — деп атап өтті Серік Жұманғарин.

Сонымен қатар ол Қазақстан экономикасы үшінші жыл қатарынан 5%-дан жоғары өсіп келе жатқанын атап өтті: 2023 жылы – 5,1%, 2024 жылы – 5%. 2025 жылғы қаңтар–қыркүйектің қорытындысы бойынша өсу – 6,3%. Бұл әлемдегі ең жоғары көрсеткіштің бірі.

Оның айтуынша, экономикалық өсудің жоғары қарқыны болашақта да сақталмақ. Орта мерзімді перспективада Қазақстан өз алдына 2029 жылға қарай ЖІӨ-ні 450 млрд-қа дейін ұлғайту мақсатын қойып отыр. Бұл жыл сайынғы өсу қарқынын 5-6% деңгейінде ұстауды талап етеді.

«Біздің елімізде осындай өсуді қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін нақты және маңызы зор мүмкіндіктер бар. Бұл тұрғыда Дүниежүзілік банкпен ынтымақтастық уақтылы, сенімді және тұрақты дамуды қамтамасыз етудің маңызды негізінің бірі», — деп атап өтті Серік Жұманғарин.

Ол сондай-ақ Дүниежүзілік банктің Қазақстанмен өзара іс-қимылының басым бағытын айқындайтын жаңа Серіктестік шеңбер туралы келісімнің (Partnership Framework Agreement, PFA) ерекше маңызын атап өтті. Келісімді ратификациялау квазимемлекеттік сектор ұйымдары үшін Дүниежүзілік банк стандартына толықтай сәйкес келетін қаржы тарту тетіктеріне жол ашады.

Сондай-ақ Серік Жұманғарин Дүниежүзілік банктің Еуропа және Орталық Азия өңірі бойынша вице-президенті Антонелла Бассанимен кездесті. Тараптар өзара ынтымақтастықтың келешегін талқылады. Атап айтқанда, қазақстандық тарап химия өнеркәсібі, АӨК-тегі терең және орташа өңдеу, көлік, сумен жабдықтау, ирригация жүйесін жаңғырту және басқа да саладағы ықтимал әріптестікті талқылауды ұсынды. Америкалық тарап экспортты ұлғайтуға, логистиканы дамытуға, экономиканың жыл сайынғы кемінде 5% өсіміне қол жеткізу мүмкіндігіне және Қазақстан экономикасын дамытудың басқа да салаларына қызығушылық танытты.

Қазақстандық делегация Дүниежүзілік банк тобына кіретін Халықаралық қаржы корпорациясы (IFC) ұйымдастырған МЖӘ тақырыбындағы воркшопқа қатысты. Америка тарапының өкілдері экономикасында мемлекеттік компаниялардың үлесі көп Сауд Арабиясы, Үндістан мен Индонезия сияқты әлемнің басқа елдерінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік форматында жүзеге асырған жобалары туралы тәжірибесімен бөлісті. Сондай-ақ мемлекеттік-жекеменшік әріптестік форматында жобалар жасақтаудың тиімділігін арттыру ұсынылды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -