Қарағанды театры қазақстандық өнердің жоғары деңгейін дәлелдеді

1804
Фотосурет: Алматы қалалық мемлекеттік қуыршақ театры

С. Сейфуллин атындағы Қарағанды академиялық қазақ драма театрының қуыршақтар труппасы Алматыда өткен III Almaty Puppet Festival халықаралық қуыршақ театрлары фестивалінде табысты өнер көрсетті. Байқауға Италия мен Испанияны қоса алғанда, әлемнің 16 елінен келген шығармашылық ұжымдар қатысты, деп хабарлайды DKNews.kz.

Фестиваль аясында әрбір театр өздерінің үздік қойылымдарын сахнаға шығарып, шеберлік сабақтарына және шығармашылық кездесулерге қатысты.

Қарағандылық әртістер көрермен назарына «Қаршақыз және жеті ергежейлі» («Белоснежка және жеті гном») қойылымын ұсынып, «Үздік суретші» номинациясында жеңімпаз атанды.

– Бұл – түрлі елдерден келген әріптестермен нағыз шығармашылық тоғысу болды. Фестивальдің атмосферасы ерекше жылы әрі шабытқа толы еді. Біздің қойылымды көрермендер үлкен сүйіспеншілікпен қабылдады, – дейді труппа жетекшісі Динара Аманова. – Мұндай ауқымды шараға қатысу – Қарағанды өңірінде талантты, кез келген жастағы көрерменді таңғалдыруға қабілетті әртістердің бар екенін көрсетуге тамаша мүмкіндік.

Қарағанды қуыршақ труппасы – аймақтағы ең жас театр ұжымы. Құрамында сегіз әртіс бар, олардың барлығы Т. Қ. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының түлектері. Үш жыл ішінде труппа сегіз спектакль сахналап, белсенді шығармашылық ізденісін жалғастыруда. Ұжым репертуарын толықтырып, өз көрерменін тек елімізде ғана емес, шетелде де кеңейтіп келеді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -