Қарағанды облысында биылғы жылдың он айының қорытындысы бойынша жалпы экономикалық өсім 5,3 пайызды құрады. Өңір кәсіпорындары 4 триллион теңгенің өнеркәсіп өнімін өндірді – бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,2 пайызға көп. Барлық негізгі салаларда тұрақты оң динамика байқалады, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бұл туралы облыстық аппараттық кеңесте баяндалды.
– Өңдеу өнеркәсібінде өсім шамамен 6 пайызды құрады. Жеңіл өнеркәсіп, пластмасса мен резеңке бұйымдары өндірісі, химия саласы, машина жасау, тағам өндірісі, металлургия және құрылыс индустриясында өнім көлемі артты. Ал тау-кен өндіру саласында нақты көлем индексі 108,1 пайыз болды. Бұл көрсеткіш көмір мен металл кендерінің өндірілу көлемінің ұлғаюының нәтижесінде қамтамасыз етілді. Өңірге 783 миллиард теңге инвестиция тартылды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 9,3 пайызға көп. Инвестициялардың басым бөлігі өнеркәсіп, көлік және ауыл шаруашылығы салаларына бағытталған, – деді экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Дулат Ашкенов.
Биыл облыста 406 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен 7 пайызға жоғары.
Қазіргі уақытта өңірде жалпы құны 176 миллиард теңгені құрайтын 29 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Олардың аясында 2 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Кәсіпкерлік және индустрия басқармасының басшысы Асқар Ғазалиевтің мәліметінше, жыл басынан бері өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы салаларында 12 жаңа өндіріс іске қосылды. Олардың қатарында ыстық мырыштау зауыты, Samsung маркалы теледидар мен кір жуғыш машиналар шығаратын өндіріс желісі, 1100 басқа арналған сүт-тауарлы ферма және майлы дақылдарды қайта өңдейтін жаңа кәсіпорын бар.
Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Әнуар Төлібековтің айтуынша, биыл егін жинау науқаны толық аяқталды.
Өңірде 1,1 миллион тонна астық бастырылып, 303,7 мың тонна картоп пен 37,9 мың тонна көкөніс жиналды.
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жыл соңына дейін барлық жоспарланған көрсеткіштердің толық орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.