Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин ФИДЕ-нің мүмкіндігі шектеулі жандар арасындағы шахматтан екінші олимпиадасының ашылу рәсіміне қатысты, деп хабарлайды DKNews.kz.
Сондай-ақ олимпиаданың ашылуында Халықаралық шахмат федерациясының президенті Аркадий Дворкович пен Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов болды.
Мемлекеттік кеңесші Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың олимпиада қатысушыларына арнаған құттықтау сөзін оқып берді. Мемлекет басшысының сөзінде еліміздің инклюзивтілік қағидаты негізінде шахматты жан-жақты дамытуға белсенді үлес қосып жатқаны айтылған. Аталған олимпиада мемлекетіміздің шахматқа айрықша көңіл бөлетінін білдіріп қана қоймай, сондай-ақ Әділетті Қазақстан тұжырымдамасына сай баршаға тең мүмкіндіктер ұсыну қағидатын ілгерілетуге бейіл екенін көрсетеді.
Ерлан Қарин өз сөзінде мемлекеттің жүргізіп отырған әлеуметтік саясатында азаматтардың барлығына тең жағдай жасауға баса мән берілетінін жеткізді. Мүмкіндігі шектеулі және ерекше білім алу қажеттілігі бар адамдар үшін жүйелі әрі кешенді шаралар қабылданып жатыр.
Қазанның 20-26 күндері Астанада өтетін олимпиадада әлемнің 29 елінен 34 команда бақ сынайды.