«Тұран-Астана» университеті қазақстандық және шетелдік студенттер мен жас мамандардың қатысуымен жасанды интеллект (ЖИ) бойыншахалықаралық олимпиада өткізеді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Олимпиада екі кезеңнен тұрады: іріктеу кезеңі- 2025 жылдың 22 қазанында, ал финалдық кезең- 5 қарашада болады.
Олимпиаданың негізгі идеясы — «Жасанды интеллекттің болашағы: этика, қауіпсіздікжәнежауапкершілік». Бұл іс-шара жастардың зияткерлік әлеуетін көтеруге, ЖИ саласындағы білімді насихаттауға, зерттеу жұмыстары мен жобаларды қолдауға, сондай-ақIT индустриясы мен технологияларды дамытуға сүбелі үлес қосуға қабілетті талантты қатысушыларды анықтауға бағытталған.
Іс-шараның мақсаты: ҚР Президентінің Қазақстан халқына Жолдауында айтылғандай, жасанды интеллектіні экономиканың, ғылымның, білім берудің және басқа да мемлекеттік қызмет саласының түрлі бағытына кеңінен енгізуге ықпал ету.
Олимпиаданы Қазақстан, Ресей Болгария және Испанияның беделді сарапшыларының қолдауымен «Тұран-Астана» университеті ұйымдастырады.
Шараның өзектілігін арттырып, жоғары деңгейде өткізу үшін ұйымдастыру комитетінің құрамына ғалымдар мен халықаралық тәжірибесі бар мамандар енді.
Олимпиаданың бағдарламасы мен форматы
22 қазанда өтетін іріктеу кезеңінде жасанды интеллект пен машиналық оқыту негіздері бойынша теориялық тестілеу, сондай-ақ саланың жетекші мамандары өткізетін мастер-класстар мен панельдік сессиялар болады.
5 қарашадағы финалдық кезеңде қатысушылар жобаларын таныстырып, қорғап, ЖИ-ді тәжірибе жүзінде қолдану тәсілін көрсетеді және инновациялық идеялар талқыланады.
Жеңімпаздар «ЖИ саласындағы үздік жоба», «Үздік презентация», «Жобаның практикалық қолданылуы» номинациялары бойынша бағалы сыйлықтармен марапатталады. Сондай-ақ, көрермендер көзайымы жүлдесі мен серіктестер тарапынан арнайы сыйлықтар табысталады.
Олимпиадажастарға білімдері мен дағдыларын көрсетуге, кәсіби қазылар алқасынан кері байланыс алуға, жетекші IT компаниялардың сарапшыларымен танысуға және мансаптық өсуге мүмкіндік береді.Барлық қатысушыларға сертификаттар, ал жүлдегерлерге дипломдар табысталады. Ең бастысы, кәсіби дамуға даңғыл жол ашылады.