Өткен аптада Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министрі Асан Дарбаев Ұлыбританияның жаңадан тағайындалған Елшісі Салли Аксуорсимен кездесу өткізді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Кездесу барысында екіжақты келіссөздерге Астанадағы Ұлыбритания Елшілігінің өкілдері – экономикалық мәселелер жөніндегі бірінші хатшы Кэти Котрелл және экономист Бибігүл Жумагужина қатысты.
Тараптар Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы қазіргі қарым-қатынас деңгейіне қанағаттанушылық білдіріп, сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға өзара мүдделілік бар екенін атап өтті. Кездесу барысында Қазақстанның экономикалық саясатының негізгі бағыттарына ерекше назар аударылды.
Асан Дарбаев қазақстандық тараптың өзара сауданы кеңейтуге және шетелдік инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасауға ниетті екенін айтты. Ол Қазақстанның инвестициялық тартымдылығы, сондай-ақ жуырда жүзеге асырылған салық-бюджет реформалары туралы кеңінен баяндады.
Өз кезегінде Елші Салли Аксуорси екі ел арасындағы ынтымақтастық деңгейін жоғары бағалап, әсіресе сауда саласындағы қарым-қатынасты нығайтуға ниетті екенін жеткізді. Ол британдық бизнесті Қазақстанға тартуда инвестициялық ахуалдың маңыздылығын атап өтіп, экономикалық реформаларды іске асыруға қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді. Елші сондай-ақ салық саясаты мен жекешелендіру сияқты бағыттарда тәжірибе алмасуға қызығушылық танытып, Қазақстан экономикасының өңірдегі күшті және Орталық Азияның дамуына маңызды үлес қосатын экономика екенін атап өтті.
Кездесу соңында тараптар өзара тиімді әріптестікті кеңейту мақсатында ынтымақтастықты одан әрі нығайту және тұрақты байланыстарды сақтап отыру жөнінде уағдаласты.