Қазақстанда көміртек тотығымен уланудың алдын алу шаралары күшейтілуде

1078
Фотосурет: primeminister.kz

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жылу беру маусымында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі қаралды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Онда төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов, сондай-ақ, Шығыс Қазақстан, Ақмола және Қостанай облыстарының басшылары баяндама жасады.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметі бойынша, тұрғын үй секторында 2025 жылдың 1 қазанынан бері 340 өрт тіркелген, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 17,5%-ға аз. 

Премьер-министр жалпы республика бойынша тұрғын үй секторында өрт оқиғаларының саны азайғанына қарамастан, олардың Атырау, Ақмола, Жамбыл және Павлодар облыстарында оның өскені байқалғанын атап өтті.

«Негізгі себеп – халықтың пеш жағу, сондай-ақ газбен және электрмен жылыту жүйелерін қолдану кезінде қарапайым қауіпсіздік талаптарының сақталмауы. Өртке қарсы ережелерді бұзғаны үшін тиімді шаралар қабылдау қажет. Төтенше жағдайлар министрлігі өрт қауіпсіздігі саласында түсіндіру және алдын алу жұмыстарын күшейтуі керек», — деп атап өтті Олжас Бектенов

Төтенше жағдайлар министрлігіне өрт қауіпсіздігі саласында түсіндіру және алдын алу жұмыстарын күшейту және еріктілер мен қоғам өкілдерін жұмылдыра отырып, халықтың қауіпсіздік саласындағы мәдениетін арттыру үшін түсіндіру жұмыстарын жандандыру тапсырылды. Білім ошақтарында өрт қауіпсіздігі бойынша интерактивті сабақтар өткізу керек.

Сондай-ақ Төтенше жағдай және Ішкі істер министрліктері қызметкерлері мен әкімдік қызметтерін де тарта отырып, демалыс және мереке күндері тұрғын үй секторында рейдтер жүргізіп, жылыту пештерін тексеру жұмыстарын ұйымдастыру тапсырылды. Рейдтік тексеру барысында өрт шығу қаупі бар және жылыту жүйесі дұрыс жұмыс істемейтін үйлер анықталуға тиіс. Аталған фактілер орын алған жағдайда оларды жою бойынша жедел шаралар қабылдаған жөн.

Премьер-министр Төтенше жағдайлар министрлігі тек ресми ұсынымдар берумен шектеліп қалмауы керек екенін атап өтті, өйткені бұл ең алдымен адамдардың қауіпсіздігіне қатысты мәселе, сондықтан өте нақты әрі үйлесімді жұмыс қажет.

Осыған байланысты Олжас Бектенов бірқатар тапсырма берді.

Өңір әкімдіктеріне  Төтенше жағдайлар министрлігімен  және Еңбек министрлігімен бірлесіп, бір ай ішінде  халықтың әлеуметтік осал топтары тұратын үйлердің тізімін нақтылау, сондай-ақ осы санаттағы адамдардың үйлерін ерекше бақылауда ұстап,  оларға қажетті қолдау көрсету тапсырылды.

Энергетика министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірге газ баллондарының айналымын бақылаудың  нақты тетігін әзірлеу тапсырылды. Сондай-ақ осы жылдың соңына дейін  Қазақстанда баллон шығару мәселесін шешу қажет.

Олжас Бектенов кейінгі жылдары  иіс тиіп улану оқиғалары жиілеп кетуі мәселесіне назар аударып, өңір әкімдіктеріне негізгі қауіпсіздік шараларын, газ жабдықтарын орнату кезінде  қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау, әр үйге міндетті түрде ескерту датчигі орнату, сондай-ақ газды қауіпсіз пайдалану бағытында қажетті шаралар қабылдауды тапсырды. Газ қызметтері  тұрғын үйлерде  газды қауіпсіз пайдалануды бақылау бойынша  тиісті жұмыстарды жүргізуге міндетті. 

Әкімдіктерге Төтенше жағдайлар министрлігімен бірге тұрғын үй секторында  өрт қауіпсіздігі айлығын ұйымдастыру тапсырылды. Мәдениет және ақпарат министрлігі әкімдіктермен бірге профилактикалық материалдарды бұқаралық ақпарат құралдарында  және әлеуметтік желілерде жариялауды қамтамасыз етеді.

Жалпы Төтенше жағдайлар министрлігіне  жылу беру маусымында  өрт оқиғаларының алдын алу бойынша  мүдделі мемлекеттік органдар мен әкімдіктердің жұмысын тиімді үйлестіру тапсырылды. 

Аталған жұмысты үйлестіру Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевқа жүктелді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -