Аумағы 12 млн гектардан асатын бидай алқаптары жиналды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Елімізде егін жинау жұмыстары жоспарлы түрде жүргізілуде. Шаруалар техника, жанар-жағармай және тиісті қаржы ресурстарымен уақытылы қамтамасыз етілді. Биыл жалпы егін жинау алаңы 23,6 млн гектарды құрады, оның ішінде 16 млн гектардан астамы – дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар. Жинау жұмыстары дер кезінде басталды, ал дәнді дақылдар бойынша науқан аяқталуға жақын. Бұл туралы ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында хабарлады.
Оның айтуынша, бүгінде республика бойынша 15,6 млн га немесе дәнді дақылдардың 88,6%-ы жиналды, орташа өнімділік 16,9 ц/га құрап, 26,6 млн тонна астық бастырылды.
«Осылайша, бұған дейін айтылғандай, рекордтық көлемде өнім алу күтілуде, бұл ішкі нарықтың азық-түлік, мал азығы және тұқымдық астыққа деген қажеттілігін толық қамтамасыз етіп, дәстүрлі экспорттық нарықтардағы көлемді сақтауға және жаңа бағыттарды нығайтуға мүмкіндік береді. Бүгінде бидай 12 млн гектардан астам немесе 99% алаңнан жиналып, орташа өнімділік 16,5 ц/га деңгейінде 20 млн тоннаға жуық астық бастырылды. Арпа мен сұлы бойынша 2,4 млн тонна өнім жиналды, алаңның 99,5%-ы орылды. Сонымен қатар 127 мың га немесе 74,5% жүгері алқабы жиналып, 852 мың тонна өнім бастырылды» Азат Сұлтанов
Ағымдағы жылы егіс алқаптарын әртараптандыру жұмыстары аясында дәнді-бұршақты және майлы дақылдарға ерекше көңіл бөлінді. Бұл бағыттағы жұмыстың нәтижесі қазірдің өзінде байқалуда: 774 мың гектар немесе 99% бұршақты дақылдар орылып, алғаш рет 1 млн тонна өнім жиналды.
Майлы дақылдар бойынша шамамен 4 млн тонна көлемінде рекордтық өнім алу күтілуде. Қазіргі уақытта 2,8 млн га немесе 71%-ы жиналып, 3,3 млн тонна майлы дақыл бастырылды.
Дәнді-бұршақты және майлы дақылдар өндірісінің ұлғаюы шаруаларға жақсы табысты қамтамасыз етіп, келесі ауыл шаруашылық маусымына алдын ала дайындалуға мүмкіндік береді.
Республика бойынша картоп 130 мың гектардан немесе 99% алаңнан жиналып, 2,9 млн тонна өнім алынды. Көкөністер 129 мың гектардан немесе 99% алаңнан жиналып, 3,9 млн тонна өнім алынды. Бақша дақылдарының жинау жұмыстары аяқталды, 94 мың га алаңнан 2,6 млн тонна өнім жиналды.