Республика күні – Еліміздің асқақ мерекесі

1177
Фотосурет: Ұлттық ұлан

Жыл сайын 25 қазан – қазақ елінің жүрегіне жылы тиетін, тарих төрінен орын алған айтулы күн – Республика күні. Бұл күн– ел егемендігін алғаш жариялаған тарихи сәттің нышаны, мемлекеттілігіміздің бастауы.

1990 жылы 25 қазанда қабылданған Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Мемлекеттік егемендігі туралы Декларация – Қазақстанның тәуелсіздікке қарай жасаған алғашқы батыл қадамы еді. Бұл тарихи құжат халқымыздың өз тағдырын өзі айқындауға, ұлттық мүдде тұрғысынан даму жолын таңдауға деген талпынысының нақты көрінісі болды.

Бүгінде Қазақстан – халықаралық аренада орны бар, экономикасы дамыған, мәдениеті мен білімі өркендеген, бейбітшілікті ту еткен ел. Бұл жетістіктердің бәрі – сонау егемендік жолында жасалған алғашқы қадамдардың, яғни Республика күнінің тарихи мән-маңызын көрсетеді.

Бұл мереке–ата-бабамыз ғасырлар бойы армандаған еркіндік пен тәуелсіздікке қол жеткізудің бастау күні. Еліміздің әрбір азаматы осы күнді ерекше мақтанышпен қарсы алып, елдің өркендеуі жолында аянбай еңбек етуі – болашаққа сенімді нық қадам басудың кепілі.

Осы орайда, Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының әскери қызметшілері – мемлекеттіліктің бұлжытпас тірегі, ішкі тұрақтылық пен қоғамдық қауіпсіздіктің кепілі ретінде ерекше аталып өтеді. Ұлттық ұлан – еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуде алдыңғы шепте тұрған құрылым.

Қоғамдық тәртіпті сақтау, қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде отырған қылмыскерлерді күзету, стратегиялық маңызы бар нысандарды қорғау, сондай-ақ азаматтардың тыныштығы мен қауіпсіздігін сақтау жолындағы Ұлан жауынгерлерінің батылдығы мен адалдығы – Отан алдындағы сертке берік, антқа адал қызметтің айқын көрінісі.

Егемен еліміздің еңсесі биік, бірлігі бекем, ал Ұлттық ұланның абыройы асқақ болғай!                

Полковник Ерболат Сұлтанов,

ҚР Ұлттық ұланының «Қалқан» газеті мен «Бүркіт» журналының бас редакторы

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -