Кеңес Одағының Батыры, гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлы атындағы Ұлттық ұланның 5571 әскери бөлімінің жеке құрамы Сиднейде өткен XXVII жазғы Олимпиада ойындарының чемпионы, әйгілі боксшы Ермахан Ибраимовпен кездесті, деп хабарлайды DKNews.kz.
«Қазіргі қоғам — жастардың қолында» тақырыбында өткен әсерлі кездесуде чемпион өз өмір жолы мен спорттағы жетістіктері жайында сыр бөлісіп, жас сарбаздарға табандылық пен отансүйгіштік туралы өнегелі әңгіме айтты. Ермахан Ибраимов сарбаздарға мақсатқа жету жолындағы еңбекқорлық пен тәртіптің маңызын атап өтті.
Кездесу соңында олимпиада чемпионы әскери бөлімнің құрметті қонақтары қолтаңбасын қалдыратын кітабына ізгі тілегін жазып, жеке құраммен естелік суретке түсті.
Әскери бөлім басшылығы Ермахан Ибраимовқа алғыс білдіріп, естелік сыйлық табыс етті. Өз кезегінде чемпион сарбаздарды алдағы Республика күнімен құттықтап, жүрекжарды тілегін жеткізді.
Жеке құрам кездесуден ерекше әсер алып, чемпионға көптеген сұрақтар қойып, жылы лебіздерін білдірді.