Аида Балаева қазақстандық әртістердің елдің мәдени имиджін нығайтуға қосқан үлесін атап өтті

1529
Фотосурет: Gov

Қазақстан Республикасы күніне орай «Астана Опера» театрында ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева беделді халықаралық байқаулардың жүлдегерлерімен кездесті, деп хабарлайды DKNews.kz.

Кездесуге келген жас өнерпаздардың қатарында Италиядағы La Scala театры академиясының студенті, Портофино қаласында өткен XI халықаралық «CLIP 2025» опера байқауының Гран-при иегері – Әйгерім Алтынбек, Дубайда өткен «Sanremo Best Song – 2025» халықаралық орындаушылар байқауының жеңімпазы – Ержан Максим, Қазанда өткен XXI халықаралық  «Новая волна – 2025» жас орындаушылар байқауының жеңімпазы – Александр Лим, Мәскеуде өткен халықаралық  «Интервидение – 2025» музыкалық байқауының қатысушысы – Ернар Садырбаев (Amre), Витебскіде өткен XXXIV халықаралық  «Витебск 2025» байқауының Гран-при иегері Алмагүл Батталиева, сондай-ақ Ставропольде өткен «Soldier’s Envelope – 2025» халықаралық фестиваль-байқауының жеңімпазы, «El Voice» тобы мен Италиядағы «Open Italy – 2023» байқауында үздік деп танылған домбырашылар дуэті «Temirlan & Yernat» және басқа да дарынды жастар болды.

Аида Балаева оларға ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі атынан алғыс хат табыстады. Министрдің айтуынша, жас таланттардың жетістіктері Қазақстанның халықаралық беделін арттыруға және ел мәдениетін танытуға зор үлес қосады.

«Бүгін мереке қарсаңында, біз ел мәдениетінің дамуына үлес қосып жүрген жастармен кездесіп отырмыз. Сіздердің халықаралық деңгейдегі жетістіктеріңіз — еліміздің абыройы мен беделі. Әр өнерпаздың еңбегі мен дарынын жоғары бағалаймын. Ел мен жерге, өз ісіне деген сүйіспеншілік осындай жеңіске жетеледі. Сіздерді тәрбиелеген ата-аналарыңыз бен ұстаздарыңызға алғыс білдіремін. Өйткені олардың сіздерді өнерге баулып, таңдауларыңызды қолдауда еңбегі зор» Аида Балаева

Отырыс барысында жастар өз әсерін бөлісіп, жетістіктері мен жоспарлары туралы сөз етті. Сонымен қатар  мәдениет саласын дамыту және жас таланттарды мемлекеттік қолдау бағыты бойынша да өз ұсыныстарын жеткізді.

Соңғы жылдары отандық орындаушылар, әртістер мен музыканттар халықаралық беделді байқауларда жоғары кәсіби деңгей көрсетіп, ел абыройын асқақтатып жүр.

Республикалық және халықаралық байқаулардың жүлдегерлері атанған оқушылар мен студенттер саны (мәдениет саласындағы оқу орындары тәрбиелеген) 14,9 % артты. Тек 2025 жылдың өзінде шығармашылық жоғары оқу орындары мен колледждердің 1511 студенті лауреат және дипломант атанған.

Бұл жетістік – ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі әзірлеген мәдениет саласындағы білім беруді дамыту және жастардың шығармашылық әлеуетін ынталандыру бойынша жасалған жүйелі шаралардың жемісті нәтижесі.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -