AlmaU Impact Forum 2025: Жоғары білім беру саласында тұрақты даму мақсаттары мен ESG интеграциясы

1155
Фотосурет: AlmaU

2025 жылы 22 қазанда Almaty Management University (AlmaU) университетінде БҰҰ-ның 80 жылдығына арналған AlmaU Impact Forum in partnership with SDG Alliance өтті. Форум Тұрақты даму мақсаттары (SDG) мен ESG қағидаттарын жоғары білім беру жүйесіне, корпоративтік басқаруға және қалалық даму стратегиясына енгізудің нақты жолдарын талқылауға арналған сараптамалық алаң болды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Іс-шараға Қазақстанның 20-дан астам жоғары оқу орындарының өкілдері, білім беру ұйымдарының басшылары, зерттеушілер, ESG саласының сарапшылары, бизнес-қоғамдастық, үкіметтік емес ұйымдар және халықаралық институттардың өкілдері қатысты. Форум бағдарламасы үш негізгі бағытты қамтыды – білім, тұрақты даму және урбанистика.

Форумды IAUP (International Association of University Presidents) атқарушы комитетінің мүшесі, AlmaU негізін қалаушы және ректоры Асылбек Қожахметов ашты. Ол өз сөзінде тұрақты даму – сән немесе уақытша үрдіс емес, университет миссиясына терең енгізілген қағида екенін атап өтті:

«AlmaU үшін тұрақты даму – бұл тренд те, сән де емес. Бұл – біздің құндылықтық бағдарымыз. Бұл – кәсіпкерлік университетіміздің миссиясына енгізілген негізгі қағида, яғни экономиканың және қоғамның дамуына нақты әсер ету, Impact жасау. Нағыз трансформация тек академия, мемлекет және жеке сектор біртұтас күш болып әрекет еткенде ғана мүмкін. Енді жаңа Орталық Азияны – креативті, этикалық және тұрақты көшбасшылықтың эпицентріне айналатын өңірді – қалыптастыратын уақыт келді».

Осы ойды жалғастыра отырып, БҰҰ-ның Ғаламдық коммуникациялар департаментінің өкілі және БҰҰ-ның Қазақстандағы ақпараттық бюросының басшысы Властимил Самек декларациялардан нақты іс-қимылдарға көшу маңызды екенін атап өтті:

«Тұрақты өмір сүру – бұл сәнге айналатын нәрсе емес, бұл – өмір сүру салты болуы керек. Біз 2030 жылға дейінгі ТДМ (Тұрақты даму мақсаттары) траекториясынан сәл қалып келеміз, бірақ Қазақстан импакт бағытын дамытып, халықаралық ынтымақтастықты тереңдетуге ұмтылыс танытып отыр».

Форум қатысушыларына құттықтау сөзін жалғастырған ӘКК Алматы өкілі Зоя Касенова қаланың экологиялық және әлеуметтік дамудың қозғаушы күші ретіндегі рөлін атап өтті:

«Алматы тұрақты даму, экологиялық ойлау және жауапкершілік мәдениетін қалыптастырудағы стратегиялық күн тәртібінің орталығына айналуда. Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының (ӘКК) басты міндеті – экологиялық көліктен бастап, бүгінгі форум секілді жобаларға қатысу арқылы тұрақты дамуға қолайлы жағдай жасау».

SDG Alliance зерттеу және инновациялар жөніндегі директоры Вадим Цуриков өз сөзінде былай деді:

«Тұрақты даму енді абстрактілі ұғым емес – бұл нақты әрекеттер мен өлшенетін нәтижелер. SDG және ESG қағидаттарын енгізе отырып, біз тұрақтылықты норма деп қабылдайтын жаңа буын көшбасшыларын қалыптастырып жатырмыз».

Форум аясында түрлі салалардың жетекші сарапшылары мен тәжірибелі мамандарын біріктірген үш панельдік пікірталас өтті. Алғашқы сессия – «Тұрақтылық: жаңа сән бе, әлде жаңа норма ма?» тақырыбында өтті. Сессияны Sustainable Solutions компаниясының директоры Ирина Горбачева жүргізді. Пікірталасқа консалтинг, білім беру және корпоративтік сектор өкілдері қатысты.

Панельдік сессияға келесі қатысушылар қатысты:

  1. Камиля Сунгат – KPMG компаниясының тұрақты даму жөніндегі менеджері
  2. Салтанат Басембекова – Назарбаев Университетінің Тұрақты даму офисінің басшысының міндетін атқарушысы
  3. Тимур Елеусізов – «Eco Fund» жеке қорының төрағасы
  4. Нұрсұлтан Зікрия – Freedom Holding Corp. компаниясының ESG басқармасының аға менеджері

KPMG компаниясының тұрақты даму жөніндегі менеджері Камиля Сунгаттың айтуынша, ESG-дің негізгі қозғаушы күштері ретінде сыртқы да, ішкі де факторлар әрекет етеді – инвесторлардың, мемлекеттің және қоғамның күтілімдерімен қатар, корпоративтік мәдениет, акционерлер мен қызметкерлердің құндылықтары да маңызды рөл атқарады.

«Қаржылық көрсеткіштермен қатар экологиялық және әлеуметтік өлшемдер – яғни, қаржылық емес аспектілер – барған сайын маңызды бола түсуде. Дәл осы факторлар компаниялардың беделі мен ұзақ мерзімді тұрақтылығын айқындайды», – деп атап өтті ол.

«Eco Fund» жеке қорының төрағасы Тимур Елеусізов өз кезегінде тұрақтылық тек декларация деңгейінде емес, нақты іс-әрекет арқылы көрінуі тиіс екенін айтты:

«2027 жылға қарай көптеген компаниялар жаһандық экологиялық талаптарға сай келмеу себебінен нарықта өз орнын сақтап қалуда қиындықтарға тап болуы мүмкін. Нағыз тұрақтылық – бұл сыртқы қаржыландыру болмаған жағдайда да жұмыс істей алу қабілеті. Ол үшін ТДМ мен ESG қағидаттарын корпоративтік тәжірибеге енгізе алатын мамандар қажет».

Осы тақырыптың логикалық жалғасы ретінде екінші панельдік пікірталас өтті – «Тұрақты дамуға қол жеткізудегі қалалық эксперименттер». Онда қалалық саясат, көлік инфрақұрылымы және экожүйелік шешімдер мәселелері талқыланды.

Сессияға келесі қатысушылар қатысты:

  • Иван Ряпосов – AlmaU Урбанистика институтының зерттеу қызметкері
  • Зарина Даулеткан – AlmaU Урбанистика институтының директоры
  • Дінмухамед Ушпаев – көлік саласының сарапшысы, Future of Mobility жобасының аналитигі, AlmaU түлегі
  • Мадина Джунусова – Орталық Азия университетінің Мемлекеттік басқару және саясат институтының ғылыми қызметкері
  • Марклис Линке – Роза Люксембург қорының Орталық Азиядағы өкілдігінің жетекшісі
  • Роман Барабанов – қалалық мобильділік жөніндегі сарапшы

Марлис Линке атап өткендей, тұрақты қала тек экология туралы ғана емес, сонымен қатар өмір сапасы туралы да түсінік береді:

«Қалалық кеңістіктер еңбек етуге, білім алуға және демалуға мүмкіндік беріп, барлық азаматтар үшін қолайлы орта қалыптастыруы керек».

Зарина Даулеткан, AlmaU Урбанистика институтының директоры, университет тәжірибесімен бөлісті:

«Біз “Урбанистика және сити-менеджмент” атты білім беру бағдарламасын дамытып келеміз, онда студенттер нақты қалалық жобалармен жұмыс істейді. Біздің Green and Safe Streets жобамыз Tomorrow City Shanghai байқауында жүлде алып, инфрақұрылымдық шешімдердің экология мен қалалық өмір сапасына қалай әсер ететінін көрсетті».

Үшінші сессия – «Импакт арқылы білім беру: қоғамды өзгертетін ұрпақтарды қалай қалыптастыруға болады» – білім беру институттарының тұрақты ойлау қалыптастырудағы рөліне арналды.

Модератор – AlmaU-дың ғаламдық серіктестіктер жөніндегі проректоры Шолпан Тазабек. Пікірталасқа келесі спикерлер қатысты:

Асель Тасмағамбетова – Ш.Уәлиханов атындағы мектептің негізін қалаушы; Айгүл Саренова – «Tolyq Adam» институтының директоры; Камила Роллан – PhD, SDU университетінің инклюзивті білім беру бөлімінің жетекшісі; Айдар Қазыбаев – Global ESG Partnership компаниясының негізін қалаушы және директорлар кеңесінің төрағасы; Маржан Таджиева – Turn It Around CCE CapsUnlock жобасының менеджері.

Асель Тасмағамбетованың айтуынша, тұрақты ойлауды бала кезден қалыптастыру қажет:

«Біз бастауыш сынып оқушыларына арналған ТДМ бойынша воркшоптар өткіземіз, онда балаларға ресурстарды үнемдеу мен табиғатты қорғаудың маңызын түсіндіреміз
Мысалы, менің қызым өзінің мақсатын – ТДМ №6 “Таза су және санитария” екенін біледі және суды саналы түрде үнемдейді».

Форумның қорытынды бөлімі постер-сессия форматында өтті, онда экологиялық және әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған студенттік бастамалар ұсынылды. Жас қатысушылар импакт үлкен ұрандардан емес, жеке жауапкершілік пен нақты әрекеттерден басталатынын көрсетті.

Осылайша, AlmaU Impact Forum in partnership with SDG Alliance университеттер, бизнес, мемлекеттік құрылымдар мен зерттеу қауымдастығы арасындағы әріптестікті нығайтудағы маңызды қадам болды.

Форум тұрақты даму – уақытша үрдіс емес, ғылым, білім және қоғам бірігіп экологиялық, әділетті және инклюзивті әлем құратын жаңа норма екенін дәлелдеді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -