Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары — Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-майор Аңсаған Балтабеков Ақмола облысының Полиция департаментіне барды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Сапар барысында ол Полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі Нұрсұлтан Мұқашевпен бірге қызметтік борышын атқару кезінде қаза тапқан ішкі істер органдарының қызметкерлерін еске алу ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Сондай-ақ генерал-майор А. Балтабеков Республика күніне арналған салтанатты іс-шараға қатысты.

Өз сөзінде генерал-майор Аңсаған Балтабеков Қазақстанның тәуелсіздігін, бірлігі мен тұрақты дамуын бейнелейтін осы мемлекеттік мерекенің ерекше маңызына тоқталды. Ол заң мен тәртіпті қамтамасыз ету, азаматтардың қауіпсіздігі және Отанға адал қызмет ету — ішкі істер жүйесінің әрбір қызметкерінің қасиетті борышы екенін атап өтті.

Іс-шара соңында министрдің орынбасары — Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы жеке құрамды мерекемен құттықтап, зор денсаулық, кәсіби табыс және Отан игілігі жолындағы жауапты қызметтеріне жетістіктер тіледі. Республика күні қарсаңында ол Ақмола облысының полиция қызметкерлеріне Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің бұйрығына сәйкес грамоталар, медальдар мен арнаулы атақтарды табыс етті.

Салтанатты кездесу — халыққа қызмет ету, заңдылық пен тәртіпті нығайту, Қазақстанның тәуелсіздігі мен тұрақтылығын қорғау сияқты ортақ мақсатқа ие ішкі істер жүйесі құрылымдарының қызметін құрметтеудің көрінісі болды.