Әскери колледжде Республика күніне арналған дебаттар мен танымдық шаралар өтті

1430
Фотосурет: Шымкент гарнизонының баспасөз қызметі

25 қазан – Республика күні еліміздің тарихи тағдырын айқындаған маңызды мереке, деп хабарлайды DKNews.kz.

Биыл Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы қадамы болып саналатын Егемендік туралы Декларацияның қабылданғанына 35 жыл толып отыр. Осы айтулы датаға орай Сабыр Рахымов атындағы Әскери колледжде жас ұрпақ бойында елжандылық пен патриоттық рухты қалыптастыруға бағытталған бірқатар мазмұнды іс-шаралар ұйымдастырылды.

Колледжде бірнеше оқу взводтарында Республика күніне арналған дебаттар, ашық сабақтар және патриоттық кездесулер өтті.

2-рота, 3-взвод кураторы Шымырбекова Жадыра Мырзабекқызының жетекшілігімен өткен «My Motherland is Kazakhstan!» тақырыбындағы үш тілдегі (қазақ, орыс, ағылшын) ашық кураторлық сағатта ұландар өздерінің тілдік білімдерін паш етіп қана қоймай, ел тарихы мен болашағы туралы өз ой-пікірлерін ортаға салды. Сабақ барысында туған жерге деген сүйіспеншілік, мемлекеттік тілге құрмет және ұлттық бірлік тақырыптары кеңінен қамтылды.

Сондай-ақ, 2-рота, 2-взвод кураторы Козбагарова Бақытгүл Мүсірқұлқызы мен взвод командирі, ІІІ сыныпты сержант Маханбетов Нұрман Пернебайұлының ұйымдастыруымен өткен «Менің Қазақстаным!» атты тарихи-танымдық ашық сабақта ұландар белсенділік танытып, зияткерлік ойындарда білім мен тапқырлықтарын көрсетті. Жеңімпаздарға шағын сыйлықтар табысталды. Сонымен қатар, жас сарбаздар өз шығармашылық қабілеттерін эссе арқылы танытып, туған еліне деген жүрекжарды тілектерін тебірене оқыды.

Сабақ соңында взвод ата-аналарының демеушілігімен дайындалған мерекелік креатив күлшелер таратылып, қатысушыларға мерекелік көңіл-күй сыйланды.

2-рота, 5-взвод кураторы Асылзат Кудратиллақызы Надирова да ұландармен бірге «Менің Отаным – Қазақстан!» тақырыбында тарихи-танымдық ашық кураторлық сағат өткізді. Шара барысында ұландар Республика күнімен барша қазақстандықтарды шын жүректен құттықтап, ел бірлігі мен бейбітшілігі жайлы ойларымен бөлісті.

Өткізілген сабақтар туралы Сабыр Рахымов атындағы әскери колледж бастығының оқу жұмысы жөніндегі орынбасары, подполковник Бағдат Жұманбаев атап өтті:

Қазақстан Республикасының 1990 жылғы 25 қазанда қабылданған Декларациясына орай бүгін біздің әскери колледжімізде кураторлардың қатысуымен ұландармен бірнеше мазмұнды іс-шаралар өткізілді. Бұл шаралардың басты мақсаты – жас ұландардың бойында егемендік пен тәуелсіздіктің қадір-қасиетін ұғындыру. Дебаттар мен танымдық ойындар барысында тәрбиеленушілер өз ой-пікірлерін еркін жеткізіп, ел болашағына деген көзқарастарын білдірді. Осындай іс-шаралардың жоғары деңгейде өтуі – кураторлар мен ұландардың ортақ еңбегінің жемісі», – деді ол.

Әскери колледжде өткен бұл іс-шаралар жас ұрпақтың бойында патриоттық сана мен мемлекетке адалдық рухын қалыптастыруға, елдік құндылықтарды дәріптеуге және азаматтық жауапкершілікті арттыруға бағытталды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -