Шымкентте әскери колледждің бірінші курс ұландарының «Серт берді»

1419
Фотосурет: Шымкент гарнизонының баспасөз қызметі

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Сабыр Рахымов атындағы әскери колледжінің сап алаңында бірінші курсқа қабылданған 145 ұланның «Серт беру» салтанатты рәсімі өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.

Іс-шара еліміздің тәуелсіздігі мен мемлекеттік бірлігінің нышаны болып саналатын Ұлттық мереке – 25 қазан Республика күніне орай ұйымдастырылды.

Колледж тәрбиеленушілерінің серт беру рәсімі – олардың оқуына, әскери тәртіп пен Отанға адал болуға берген рухани антының белгісі. Бұл патриоттық және тәрбиелік жұмыстың маңызды бөлігі болып табылады. Рәсім ұландардың бойында жауапкершілік сезімін, борыш пен тәртіпке адалдықты қалыптастырып, болашақ Отан қорғаушыларын тәрбиелеуге бағытталған.

Салтанат барысында ұландар мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсетіп, серт сөзін бірге айтты: «Елге, халыққа қызмет етуге, абыроймен оқуға және тәртіпті болуға серт етемін!»

Колледждің штаб бастығының жетекшілігімен 2-оқу ротасының командирі лейтенант Мақсат Тілесов өз ұландарын саптық алаңына алып шықты. Бұдан кейін штаб бастығы Мемлекеттік Туды салтанатты түрде алып шығуға пәрмен беріп, жеке құрам Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнін орындады.

Әскери колледж бастығы полковник Мақсат Ахшалов ұландарды серт қабылдау рәсімімен құттықтап, бұл күннің әр ұлан үшін өміріндегі ең жауапты әрі мақтаныш сәт екенін атап өтті. Ол серт қабылдау – Отанға адал қызмет етудің бастамасы екенін ерекше айтты.

Салтанатты жиын аясында Республика күні мерекесінің 25 жылдығына арналған марапаттау рәсімі де өтті. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрінің бұйрығына сәйкес, 3-сыныпты сержант Данияр Молдабекке «Мінсіз қызметі үшін» ІІІ дәрежелі медалі табыс етілді.

Сондай-ақ Шымкент қаласы әкімінің атынан қала әкімінің қорғаныс және әскери қауіпсіздік мәселелері жөніндегі көмекшісі полковник Тимур Бидайбеков колледждің бірқатар әскери қызметшілеріне марапаттар тапсырды. Олардың қатарында майор Айдос Парманов, капитан Сейтжан Ордабек, сержант Нұрбол Шаманов, ефрейтор Таңшолпан Мылтықбаева, азаматтық персонал өкілдері Бекарал Бекмамбетов және Патима Тулебаева бар.

Қала әкімінің құттықтау сөзінде 25 қазан – Республика күні еліміздің тәуелсіздігі мен ұлттық бірлігінің символы екені атап өтілді. Әкім әскери қызметшілерге адал еңбегі мен жастарды отансүйгіш рухта тәрбиелеуге қосқан үлесі үшін алғысын білдірді.

Салтанатты рәсім ұландардың саптық жүрісімен және концерттік бағдарламамен аяқталды. Шара соңында 2-оқу ротасы ұландарының орындауындағы «Намыс» әні шырқалды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -