Астанада Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов Қарулы күштердің жеке құрамын ұлттық мереке – Республика күнімен құттықтап, ерекше көзге түскен әскери қызметшілерге мемлекеттік және ведомстволық наградаларды табыс етті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Салтанатты іс-шара Қорғаныс министрлігінің, ҚК түрлері мен әскер тектерінің басшылық құрамының, Ақмола гарнизоны әскери қызметшілерінің, азаматтық персоналдың және армия ардагерлерінің қатысуымен өтті.

Қорғаныс ведомствосының басшысы өз сөзінде Қазақстанның тәуелсіздігі жолында мемлекеттің егемендігі туралы Декларацияны қабылдаудың тарихи маңыздылығын атап өтті. Министр ұлттық әскерді құрудың бастауында тұрған ардагерлерге ерекше алғыс сөздерін арнады.

Сіздердің Қарулы күштердің қалыптасуы мен дамуына қосқан үлестеріңіз орасан зор. Бай тәжірибелеріңіздің, батылдықтарыңыз бен әскери қызметке адалдықтарыңыздың арқасында жас ұрпаққа үлгі болатын жауынгерлік дайындық пен патриотизмнің берік іргетасы қаланды, – деп атап өтті Дәурен Қосанов.
Қорғаныс министрі қазақстандық әскери қызметшілердің дайындығы мен кәсібилігінің деңгейі жоғары деп атап өтіп, биылғы жылы «Айбалта», «Десант», «Жауынгерлік достастық» ірі оқу-жаттығулары, Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери шеру, одан бөлек «Айбын» XI халықаралық әскери-патриоттық жастар жиыны сәтті өткізілгенін атады.
Министр бұдан бөлек қазақстандық әскери қызметшілердің Голан жоталарында БҰҰ-ның миссиясы құрамында бітімгерлік міндеттерді лайықты атқарып жүргеніне тоқталды.
Ауқымды саяси, экономикалық және әлеуметтік реформалар ахуалында біз елдің әскери қауіпсіздігін және азаматтардың бейбіт өмірін қамтамасыз ету үшін қолдан келгеннің бәрін жасауымыз керек, – деп атап өтті Қорғаныс министрі.

Рәсім соңында авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов үздік әскери қызметшілерге мемлекеттік және ведомстволық наградалар табыс етті.
- Бауыржан Момышұлы атындағы II дәрежелі «Айбын» орденімен 50185 әскери бөлімінің командирі полковник Нұрлан Бекбосынов және 12740 әскери бөлімінің командирі подполковник Дәулет Секенов марапатталды. Рахымжан Қошқарбаев атындағы III дәрежелі «Айбын» орденін десанттық-шабуылдау әскерлерінің штаб-сержанты Бек Нүсіпбаев алды.
- «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен майор Еркебұлан Көшербаев, капитан Батырбек Жамал және 3-сыныпты сержант Линар Әжіман марапатталды. «Ерен еңбегі үшін» медалі медицина қызметінің подполковнигі Ләйлә Таңатароваға табысталды. Қызметтегі және спорттағы жоғары нәтижелері үшін майор Вадим Федосеев «Ел қорғаны» медалімен марапатталды.

Қазақстан Президентінің Жарлығымен барлығы 29 әскери қызметшіге мемлекеттік наградалар (7 орден және 22 медаль) табыс етілді. Ведомстволық наградалармен 56 адам, оның ішінде «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің үздігі» төсбелгісімен 9 мерзімді қызмет әскери қызметшісі марапатталды. Сонымен қатар, 40 әскери қызметшіге мерзімінен бұрын кезекті әскери атақ берілді.