«Ұлы дала мұрагерлері» флешмобы Алматыда өтті

1254
Фотосурет: Gov

Алматы қаласы Наурызбай ауданындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 100 оқушысы 25 қазан – Республика күні мерекесіне орай дәстүрлі «Ұлы дала мұрагерлері» атты домбырашылар флешмобын ұйымдастырды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Алматы қаласының ірі ойын-сауық және сауда орталығында өткен шарада бір мезетте жүз домбырашының орындауындағы күмбірлеген күй әуені жиналған жұртшылықтың ерекше ықыласына бөленді. Домбыра үні мен халыққа кеңінен таныс күйлер тыңдаушыларға ұлттық рух пен мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Жас орындаушылар Нұрғиса Тілендиевтің «Ата толғауы», “Әлқисса”, Құрманғазының «Кішкентай», Әбдімомын Жілдебаевтың «Ерке сылқым» шығармаларын орындап, көрермендерге рухани ләззат сыйлады. Сонымен қатар мың бұралған бишілер қазақ биін билеп, жас әншілер патриоттық әндер орындады, ал оқушылар Абайдың баға жетпес мұрасынан өлеңдер оқыды.

Назарбаев Зияткерлік мектебінің бұл дәстүрлі мерекелік шарасы ұлттық мәдени мұраны дәріптеуді, ел тарихына деген құрмет пен жас ұрпақ бойында отансүйгіштік сезімін арттыруды мақсат етеді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -