Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту: БҚО-да жаңа нысандар ашылды

924
Фотосурет: Gov

Қарағанды облысында Мемлекет басшысының ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту жөніндегі тапсырмасы жүйелі түрде орындалуда, деп хабарлайды DKNews.kz.

Республика күні қарсаңында ауыл тұрғындарына қуанышты жаңалық – бір мезетте бес ауданда жаңа медициналық нысандар пайдалануға берілді. Олардың қатарында Бұқар жырау, 

Абай,

Ақтоғай, Шет 

және Нұра аудандары бар.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Бұқар жырау ауданына барып, Центральное ауылында жаңадан салынған дәрігерлік амбулаторияның ашылуына қатысты. 

Қалған нысандардың тұсаукесері онлайн форматта өтті.

Жалпы өңір бойынша 92 медициналық нысанның құрылысы аяқталған. Олардың қатарында амбулаториялар, фельдшерлік-акушерлік және медициналық пункттер бар. Соның 51-і мемлекетке қайтарылған активтер есебінен салынды.

– Ең алдымен баршаңызды Республика күнімен құттықтаймын – бұл еліміздің ең басты мерекесі! Ал сіздер үшін бүгінгі күн қос қуанышпен есте қалмақ – жаңа амбулаторияның ашылуымен. Мемлекет әрдайым медицина мен ұлт саулығына ерекше көңіл бөледі. Президентіміздің нақты тапсырмасы бар – заманауи медициналық нысандар тек қалаларда ғана емес, ауылдарда да салынуы керек. Себебі ауыл тұрғындары да сапалы медициналық қызметке тең қол жеткізуі тиіс. Біз ауылдық медицина жүйесін әрі қарай дамытамыз, – деді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Центральное ауылында өткен шарада. Бұл елді мекенде 1400-ге жуық адам тұрады.

Жаңа амбулатория кең, жарық әрі барлық заманауи талаптарға сай. Мұнда ересектер мен балаларды қабылдауға арналған кабинеттер бар, сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін ыңғайлы жағдай жасалған.

— Бұрынғы амбулатория 1957 жылы салынған еді, сол себепті жаңа ғимаратты көптен күткенбіз. Республика күніне орай осындай әдемі де заманауи нысанның ашылғанына ерекше қуаныштымыз. Мемлекетімізге үлкен рақмет! Біздің ұжымда алты адам жұмыс істейді: екі медбике, жалпы тәжірибе дәрігері, акушер, фельдшер және лаборант. Енді физиокабинетіміз, емдік дене шынықтыру залы, балаларға арналған процедуралық бөлме бар. Күндізгі стационарға да жеке бөлме қарастырылған, — деді жалпы тәжірибе дәрігері Жібек Жүнүсова.

Ауыл ақсақалы Шайзолла Алтайбаев та тұрғындарды Республика күнімен және жаңа амбулаторияның ашылуымен құттықтады:

— Бұл жаңа ғимарат ауыл халқының игілігіне қызмет етсін! Баршаңызға амандық, ұзақ ғұмыр, ырыс пен береке тілеймін! Халқына қамқорлық танытып, осындай әлеуметтік нысандардың ашылуына мүмкіндік жасаған Ел Президентіне үлкен алғыс айтамыз. Еліміз де, өңіріміз де көркейе берсін! – деді ақсақал.

Центральное ауылының тұрғыны Валентина Молчанова өз әсерімен бөлісті. Ол өмір бойы осы ауылда тұрып келеді және бұрын ескі амбулаторияда ем қабылдаған.

— Біз жаңа ғимараттың салынуын ұзақ күттік, құрылыстың қалай жүріп жатқанын күн сайын бақылайтынбыз, тіпті жұмысшыларға кейде кеңес те беріп жүрдік. Енді міне, әдемі де жайлы нысан бой көтерді. Мұндай жылы әрі заманауи ғимаратта медицина қызметкерлері де шабыттанып еңбек етері сөзсіз. Дәрігерлеріміз бен ауыл тұрғындарына зор денсаулық тілеймін, амбулаторияға тек профилактика үшін ғана келетін күн болсын! Баршаңызды мерекемен құттықтаймын, аспанымыз ашық болсын! – деді ол.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -