Астанадағы Триатлон саябағында отбасылық дуатлон өтіп, оған 75 отбасы қатысты, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.

2016 жылдан бері тұрақты түрде ұйымдастырылып келе жатқан отбасылық дуатлонның биылғы бәсекесінде балалар үшін үш санат (8-9, 10-11 және 12-13 жас) белгіленді. Жалпы ұзындығы 5,2 шақырым қашықтықты құрайтын отбасылық сайыста алдымен 2,5 қашықтыққа әкелер жүгірді, деп хабарлайды DKNews.kz.

Одан әрі эстафетаны велосипедке мінген аналар (2,5 шақырым) алды. Жарысты балалар мәреге дейін 250 метр жүгірумен аяқтады.

«OTBASY DUATLON 2025» жарысы тоғызыншы мәрте өткізіліп жатыр. Бұл бәсекенің ерекшелігі – жүлдеге ілігу үшін отбасыдағы барлық мүшелер спортқа жақын болуы тиіс.
Сондықтан жеңімпаздың есімін алдын ала айту қиын.

Қатысушылар үшін қауіпсіздік ережелері толықтай сақталды. Қатысу тегін және осы іс-шара арқылы отбасылық құндылық насихатталады деген сенімдемін», - деді Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Азамат Ағзамов.

Бұл сайысқа қысқы Азия ойындарының чемпионы, Олимпиада ойындарының қатысушысы, Ақмола облысынан келген Червяков отбасы да тіркелді.

«Бұл жарысқа бірінші мәрте қатысып отырмыз. Әлеуметтік желіден ести салып, 110 шақырым қашықтықтағы Ақкөлден келуді ұйғардық.
Осындай отбасылық мереке үшін ұйымдастырушыларға алғыс айтамыз. Дәл осы отбасылық сайыс түрі бұқаралық спорттың дамуына ықпал етеді деп санаймын.
Бәсекелестік өте жоғары. 8-9 жас санатындағы жарыста екінші орын алғанымыздың өзі соған дәлел. Өзім биатлонмен айналысып, Турин және Ванкувер Олимпиадасында бақ сынағанмын. Ал күйеуім биатлоннан 4 дүркін қысқы Азия ойындарының және екі дүркін Азия чемпионы атанған.
Көпбалалы отбасымыз. Қазіргі таңда Ақкөлде бапкерлік қызметті атқарып жатырмыз», - деді қатысушы Анна Лебедева.
Жеңімпаздарды марапаттау және құттықтау салтанаты лотерея ұтысымен жалғасты.
Жарысқа қатысушылар арасында тіркеу нөмірлері бойынша лотереяда 10 велосипед ойнатылды.