Биыл Алатау қаласына «Бүркіт» арнайы жасағының 97 жауынгері жиналды. Бәрінің мақсаты - үйге күрең берет киіп қайту. Бұл бірақ оңай орындала қоятын шаруа емес. Оған қол жеткізу үшін олар мықтылғын дәлелдеу қажет. Бұл - білім мен біліктіліктің, бірегейлік пен берік қасиеттердің нәтижесінде ғана жүзеге асатын іс. Ал үміткерлер осы үдеден шыға ала ма? Биыл қанша жауынгер күрең берет иегері атанады? Бұл сұрақтардың жауабын жол сапар очеркімізден таба аласыз.
Сынақ үміткерлерден норматив қабылдаумен басталды. Бірнеше топқа бөлінген жүз қаралы адам жан-жақта түрлі сынақ тапсырды. Бір топ биік ғимараттан төменге қарай арқанның көмегімен құлдилай түсіп, әр қабаттың терезесінен іштегі шартты түрде алынған қылмыскерге шабуыл жасауы керек. Бірақ бұл жаттығуды бастамас бұрын арнайы жасақ жігіттері жасырулы тұрған билеттердің бірін таңдайды. Онда арқан байлаудың бірнеше тәсілі жасырылған. Әр қатысушы өзіне түскен жіп байлау тәсілінің атауын айтып, дәл соны тәжірибелік тұрғыда көрсетуі керек. Содан кейін ғана тау жаттығуларын орындауға жіберіледі. Енді бір топ мүшелері мергендіктерін сынға салды. Әр түрлі қарумен және әр түрлі позицияда бірнеше нысананы дәл көздеген мергендер келесі нормативті тапсыру құқығына ие болса, кейбірі «поппер» аталып кеткен алғашқы нысанаға оқ дарыта алмай, сынақты мезгілінен ерте аяқтады.

«Күрең берет» үшін күрестің екінші күні топ-топқа бөлінген қатысушылар 3 шақырымға және 100 метрге жүгіру бойынша сынақ тапсырды. Мұндағы мақсат - жылдамдық пен шыдамдылықты қатар тексеру. Жараулы аттай жақсы дайындықпен келгендері топтан оқ бойы озық келді. Кей топта қатарынан қалмай, бірінің ізін бірі баса жеткендер де болды. Бұл ұзақ жарыс жолына шығар алдындағы дене қыздыру іспетті болғанымен, аса маңызды жаттығулардың бірі саналады. Ал қысқа қашықтықта сынға түскендер де ешкімге қамшы салдырмай, шамасын көрсетіп бақты. Мұнымен тексеріс біткен жоқ. Кезек белтемірге тартылу бойынша тапсырмаларға келді. Мұнда жігіттер білеудей білектің күшін және төзім мен жігер қуатын байқатты.
Осыдан соң үміткерлер отырып-тұру, жерде жатып қолды бүгіп-жазу, қалыпты жағдай кезінде тізені кеудеге әкелу, іш бұлшық етін дамыту секілді бірнеше норматив түрлерін тапсырды. Арнайы жасақ жауынгерлері үшін әр секундтың маңызы зор. Сондықтан олар үшін қателікке жол жоқ. Қатеге ұрыңдың екен, опық жеп қалуың қазірде. Сондықтан олар жаттығу барысында әр қадамын байыппен және аса сақтықпен жасауға тырысады. Мұны біз қоян-қолтық ұрыс кезінде үміткерлердің бойынан анық байқадық. Олар түрлі қиын жағдайға тап болған шақта қолдану қажет қорғаныс және ұрыс тәсілдерін орындады. Түрлі сюжетке құрылған күтпеген шабуыл қалай және қандай әдіспен тойтарылуы керек екенін көрсетті. Қолдың көмегінсіз жерде жатқан күйі ырғалған дененің инерциясымен аяққа тұрып, ұрысқа сай қалыпқа тұру оңай көрінгенмен орындалуы күрделі жаттығу. Олар соның бәрін көрсете жүріп, кәсіби қарым-қабілеттерін байқатты.
Үміткерлер күрең берет киген бақылаушылардың оң бағасын алу үшін әр жаттығуды мүлтіксіз орындауға барын салды. Олар тапсырманы қате немесе дұрыс орындамағандарға ескерту жасай алады. Егер екі ескерту алғандар болса, сынақтың қалған бөлімдеріне жіберілмейді. Сол себепті де үміткерлер үшін оңай жаттығу жоқ. Далалық дене дарялығы сынағы соны бәріне анық сездіргендей болды.

Бұл жаттығуларды орындау дене-бітімге ғана емес, әр қатысушының моральдық-психологиялық жай-күйіне де салмақ салады. Бұл да үміткердің әр қадамына әсерін тигізбей қоймайды. Сондықтан физикалық күш пен қуатты қалпына келтіруден бөлек, эмоционалды тұрақтылықты сақтау да басты назарда. Алайда сәтсіздігі жоқ сынақ болмайды. Сәйкесінше, сүрінген үміткерлер де баршылық. Небәрі екі күннің ішінде 20-ға жуық үміткер биыл күрең берет кие алмайтын болды. Ал сапта орнын сақтап қалған саңылақтарды сынақтың әлі талай сыны күтіп тұр. Томағасы сыпырылған бүркіт жемтігін тегеурінге алғанша тынбайды емес пе?! Дәл солай «Бүркіттің» бүгінгі батырлары межеге жеткенше дамыл таппайтын сыңайлы. Дегенмен межеге кімдердің жететіні алдағы күндердің еншісінде еді.
Күн сайын Алатау қаласының төбесінен ауған күн батысқа бет алған қалпы көкжиекті күрең түске шомылдырып біраз тұрады. Содан соң көп тұрып қалдым дегендей жер шарының екінші бөілігіне ауып түседі де, түн шымылдығын түреді. Бұл тағы бір күннің артта қалғанын білдіреді. Бірақ мұнымен Күрең беретке көз тіккендердің сынағы біткен жоқ. Таңмен таласа оянған арнайы жасақ жауынгерлері топтасқан күйі түрлі сабақтарға қатысты. Алдымен олар мобильді радио құрылғысын құрастырып, байланыс торабын қосу бойынша норматив тапсыруға міндеттелді. Осының бәрін іске асыру үшін небәрі 40 секунд беріледі. Сондықтан да таңғы салқынға санасын сілкінтіп, денесін тоңазытқан жігіттер қозғалақтап тұрды. Бұл жаурағаннан жылу іздеу емес, кезекті сынақ алдындағы дегбірсіздік еді. Бірінші күннен бері әр сынақтың тұсауынан сытылып шыққан жанкешті жауынгерлер радио аппаратын қоса алмай қалыпты десе ұят болары сөзсіз. Сондықтан олар бұл тапсырманы барынша тез әрі сапалы орындауға тырысты. Дегенмен бұған қолайсыз ауа райы кедергісін келтірді. Күзге тән үскірік қару ұстаған азаматтардың қолын қарыды. Салқында саусақтың буындары сырт-сырт етіп, ара-тұра икемге келмей қалатын әдеті емес пе? Осының кесірінен кей сәтте біршама жігіт әбігерге түсті. Абырой болғанда жанталасқан жігіттер берілген арнаға дәл түсіп, радио жиілікті анықтаудан қателескен жоқ.
Ал үміткерлердің тағы бір тобы арнайы сынып ішінде тактикалық және оперативтік мақсаттар үшін жергілікті жердің ерекшеліктерін зерттеуге кірісіп кетті. Әр үміткерге әр түрлі нұсқадағы дайын карталар ұсынылды. Олар соған қатысты жергілікті жер ерекшеліктерін зерттеп, әрі оны бағдарлауға тиіс болды. Бұл тапсырмаларды орындау күшті қажет етпеуі мүмкін, алайды адамның интеллектуалды қабілетін көрсетеді. Үлкен дайындықпен келген үміткерлер берілген тапсырмалардың жауабын тосылмай тапты. Азды-кем қателікке бой алдырғандары да табылды. Соған қарамастан бақылаушылар құрамы партаға жайғасқан тәлімгерлерінің берген жауаптарына дән риза.
Күрең беретке жетпей қоймаймыз деген жігіттер қолдарына күрек те ұстады. Бұл - жай күрек емес, жауынгерлік күрек. Мұнымен олар қарша бораған оқтан қорғану үшін ор да қазып алады. Қаруы істен шықса, я болмаса қысылтаяң сәтте қарсы келген қаскөйді де сілтеген күрегімен қаймықтырады. Бірақ бұл жолы аталған күректің ұшында Күрең беретке тігілген жолдама байлаулы тұрды. Ал оны әр қатысушы берілген нысанға дәл көздеп, лайықты тигізе алғанда ғана иеленеді. Сондықтан олар санаулы мүмкіндік ішінде күректі сабынан ұстап, бірнеше метр қашықтықта адам бойындай болып сорайған ағашқа дәл қадауы тиіс болды. Тапсырманы орындау барысында қолындағы күрекке күмәнмен қарағандар да, сәтсіздігі үшін күрегін кінәлап жатқандар да табылды. Бірақ екінші рет берілген мүмкіндік оларды күрең беретке жеткізетін жолға қайта қосты. Осылайша, көздерінде от ойнаған оғыландарымыз келесі кезеңге ерте қамдана бастады.
Күрең берет үшін күрестің шешуші кезеңі. Таң әлі қылаң беріп үлгерген жоқ. Тып-тыныш қараңғылықты бұрыннан күрең берет иегері атанғандардың тарс-тұрс еткен қаруы бұзып жіберді. Бұл жорық алдында үміткерлерге берілген дабыл болатын. Бір күн бұрын мандаттық комиссияның оң шешімін алған абадан жігіттер апыл-ғұпыл сыртқа жүгіріп, қорғаныс шебін құрады. Осылайша, 65 шақырымдық жорық алдында жауынгерлерді бір жүгіртіп алған төрешілер шешуші сынақтарды қабылдауға дайын екенін аңғартты.
Арнайы жасақ жауынгерлері мінген көлік межелі жерге жеткенде іштегі жігіттер десанттық тәсілмен жерге секіріп, қорғаныс қалпын сақтап тұрды. Көп өтпей топ-топқа бөлінген үміткерлер сөре сызығына келіп, қаз-қатар сап түзеді. Старт берілгені сол-ақ екен тыпыршып тұрған желаяқ жігіттер жай оғындай жылт етіп, мәреге қарай ұмтылды. Бәрі де бастапқы 5 шақырымды белгілі уақыт аралығында бағындыру керек екенін жақсы біледі.
Осы жерге дейін жете алмағандары қаншама?! Сол себепті жан ұшыра жүгіреді. Сынақтың бел ортасына келгенде ешкімнің саптан шыққысы жоқ. Таң самалын кеудесімен кескілеп, аяқ алысын кең, адымын нық басқан нар жігіттердің барлығы дерлік бұл нормативті ойдағыдай орындап шықты. Міне, осыдан кейін бұларға дамыл жоқ. Бір кедергіден соң бір кедергі алдан кес-кестеп шығады.
Желе жортқан жігіттер енді бір тұста жазық даланы артқа тастап, таулы-тасты мекенге табан тигізді. Ойлы-қырлы жерлерден орғып өткен оғыландар ойысқа қарай ойысты.
Іле-шала Ілеге қойып кеткен қатысушылар қолдарындағы қаруын биік ұстап, белден асатын мұздай суды шімірікпестен кешіп өтті. Қызып келген дене мен салқын судың табысуы көз қызықтырғанымен көңіл тотықтыратын сәт еді. Сулы және батпақты аумақты кешіп өту — бұрыннан бері салмақты тапсырмалардың бірі. Абырой болғанда сабаз жігіттер сыр алдырмады. Су киімін сығымдап, сәл-пәл реттеліп алған қайтпас қайсар жігіттер өрге қарай өршелене жүгірді. Дамылсыз жүгіріс пен төрешілердің түртпегі қайта басталды. Көпті көрген тәжірибелі аға буын анадайдан айғайлап, тәлімгерлеріне дем беруге тырысады. Соңдарынан ерген ізбасар шәкірттерінің шаршамай-шалдықпай мақсатына жеткенін қалайды. Сондықтан да болар жігіттердің жігерін жанып, намысын қайрап жүрді.
Келесі кезекте үміткерлер 400 метр төңіректе алдыңғы шепте шабуылдау бойынша дағдыларын көрсетті. Бұл енді аса қиындық тудыра қоймайтын, бірақ алдағы алыс жолды ұзарта түсетін сынақтардың бірі еді. Одан қалды от пен судан, тау мен тастан асқан азаматтарды біресе отырғызып, біресе тұрғызып әбден сүлесоқ етеді. Әрине, бұл келеке ету емес, керісінше жігіттердің темірдей төзім мен қырағылығын қайрау болса керек. Мұндайда үміткерлер сапты бұзбай, жинақы қалыпқа қайта түседі. Ал егер тапырақтап, шашыраңқы күйге түссе жеке құрам әлгіндей әбігерді қайтадан бастан кешеді. Онсыз да әр күшін есеппен жұмсап, қуатын үнемдеп келе жатқан жауынгерлер мұндайға жол бермеуге барын салады.

Жоталы жердің төбесіне шыққанда қаннен қаперсіз келе жатқан мықтыларға ор қазу бұйырылды. Жерге шынтақтай жатып, топыраққа сұғылған күрегін байыппен сермеген жігіттер сенімді қимылдай білді. Жарты сағатқа жетпейтін уақыт ішінде әрқайсысы ұзындығы - 170, ені - 60 сантиметр болатын ор қазып шықты. Тереңдігі 30 cантиметрлік орды төрешілер тексеріп, бағалап көрді.
Қару асынған топты жақындастыра түсетін тағы бір тапсырма жарақат алған қаруласын 15 метрге дейін сүйреп өту нормативі. Бұл жерде олар жаралы жанды сүйремес бұрын алдымен медициналық көмек көрсетуі шарт.
Дәл осыған ұқсас нормативтің бірі — бауырымен 50 метрге дейін жорғалау. Бір қараған жанға қаруын қолының үстіне қойып, жер бауырлап жылжу оңай көрінеді. Әсте олай емес! Мұның азабын талай шақырым шаң жұтып, алқымы тарылған, әл-дәрмені азайып, болдыра бастаған адам ғана түсінеді. Иығыңды немесе жамбасыңды көтеріп көр, көкжелкеде төніп тұрған төреші сапарыңды осы жерден тоқтатуға дайын тұр. Бұл да үміткерді алаңдатады. Мұндайда моральдық тұрғыда үміткерге қысым түсетіні сөзсіз. Міне, осындай ауыртпалық салдарынан саусақпен санарлық қана секундқа кешіккен кей үміткер қатардан шығарылып жатты. Өкініші ішті өртейтін мұндай сәт, әрине, көңілге қаяу түсіреді. Бірақ олар осы арқылы тәжірибе жинайды, осылай күшейеді һәм мықты бола түседі.
Қиындық мұнымен біткен жоқ. Кезекті кедергіні артта қалдырып, алға ұмтылған азаматтар келесі нүктеде басына газға қарсы тұмылдырық киіп жүгіруге мәжбүр болды. Себебі олардың жолын түтін торлап алған. Арнайы жасақ жауынгерлері осы секілді қиын-қыстау сәтте сауатты қимылдап, жол бойынан сытылып шығуға тиіс. Арыны қатты азаматтарымыз бұл сынақты шыбын шаққан құрлы көрген жоқ. Өрт жалмаған аумақты да артқа тастап, ұмтылумен келеді. Сөйтіп олар дөңнен дөң, қырдан қыр, сай-саланы қалдырмай басып озды. Енді он шақырымнан кейін оларды үлкен үзіліс күтіп тұр. Ол үшін баһадүр жігіттер кеш батпай тұрып, түнемелік орынға жетіп алуы керек. Бұл мақсат та оларға қиын соқпады. Құмды жолды табанды жүріс, үздіксіз жүгіріс ұмыттырып жіберді. Жігерлі жігіттер діттеген межеге түс ауа жетті.
Күрең берет сынағының басым бөлігін абыроймен өткерген жауынгерлердің жүзінінен нұр байқалады. Бір-біріне дем беріп, демеу болып жүр. Өзгелерден оқ бойы озық шыққан жігіттердің өмір жолдары да, өздері де ерекше ме дерсіз?! Тіпті олардың арасында ағалы-інілі бауырлар да бар болып шықты. Бір үйдің екі баласы екі түрлі топта болса да сын сағатта сынбай, қажыр-қайрат танытып түнемелік орында кезікті. Жорықта жүріп, бір-бірінің тағдырынан бейхабар болған екеудің қуанышында шек жоқ. Сәтін салса, ағайындылардың бір үйден шыққан екі күрең берет иегері атанатын күн де алыс емес...
Бұл жерде де олар тыным таппады. Күн ұясына батпай тұрып, жатын орынды сырт көзге білінбейтіндей етіп сайлап алу қажет. Далалық жағдайда табиғаттан сая табу жоспар мен креативті талап етеді. Бұдан бөлек түн ішінде алма кезек қарауыл қойып, қосынның тыныштығын күзету де жауапты міндет. Бүгін оларға барынша тынығып, қалыпқа келу керек. Ертең ерекше күн. Өйткені күрең беретке қол созым жер ғана қалды... Аспанды жұлдыз торлап, ай көрінді.
Келесі күні түнгі қосыннан шыққан жауынгерлер ту көтеріп ақтық сынға бет алды. 65 киллометр жолды жүгіріп, құр сүлдері қалған 13 батыр келе сала оқ-дәрі тасымалдауға кірісіп кетті. Бас көтермей сүйрелеп жүрген қорап та жеңіл емес. Салмағы 25 келі. Олар оқ толы қораппен қоса, өздерінің арман-мақсаттарын да тартып келеді. Қол созым жерде тұрған Күрең береттен айырылмас үшін бар күшін салады. Бұдан кейін оларды кедергілер алаңы күтіп тұрды.
Ол жерде жауынгерлер қаруласына қарайлай жүріп, кедергілерді бағындыруы шарт. Бірі ұмтылып алдыға кеткенде екіншісі қорғаныста қалады. Жұп жазбай жүгірген жауынгерлер осы жерде бірлік танытпаса, бұған дейінгінің бәрі бекер. Себебі екеуінің бірі жолда қалса, сынақтан екеуі де шеттетіледі. Сондықтан да олар биік қабырғаға бір-бірінің көмегімен өрмелеп, бір-біріне дем береді. Бұл тактика жауынгердің жанындағы серігіне деген сенімді нығайту үшін қажет. Сенім бар кезде ғана тағдырлас тарланбоздар жолындағыны жайпап өте алады. Бұлар да сөйтті. Олар жоң арқаға түскен салмақты ғана емес, жанға батқан жайсыздықты да тең бөлісті. Сөйтіп, соңғы нүктеге қарай жақындай берді. Олар, тәтті үміттің дәмін тәтіп үлгерген еді. Өйткені күрең беретке сәл ғана қалды. Сол күш оларды жетелеп отырып, бораған оқтың астына салды. Осыдан кейін асау сезім бойды билеп, асығып-аптыққан азаматтар қаз-қатар тізіле қалды. Қазір олар үшін нағыз сын сағаты туып тұр. Өздерімен бірге алып жүрген қарудан оқ атылуы тиіс.
Сақылдап тұрған автоматтар үні кезекті бір үміткерге келгенде күрмеліп қалды. Екінші мүмкіндікте атылмаса, төккен тер зая кетіп, күрең берет көзден бұлбұл ұшады. Үміткердің қапелімде қалай қимылдарын білмей, автоматтың затворын оқжатармен ұрғылап жіберді. Кетпеліп қалған патрон сыртқа ұшты. Оқты орнына қайта салып, шүріппеге саусақ жүгіртті. Үміт пен үрей торлаған ойды автоматтың дауысы бұзды.
Төрешілер сонда да тулаған жүрекке тыным берер емес. Тықсырған күйі шаңы шығып жатқан шаршы алаңға әкелді. Бұл сында жұмсалмаған жұдырық қана қалған еді. Сынақтың ақтық сәтінде үміткерлер бір-бірімен күш сынасатын болды.
Былғары қолғап киген жауынгерлер үш минуттан үш раунд төбелеседі. Ал қарулас қарсыласына жанашырлық танытып, жайбасарлық көрсетсе, төрешілер айыппұл тағайындайды. Мұндайда айыбыңды ақшамен өтей алмайсың. Жазаңды беру үшін күрең беретін киген тың жігіттер топ ете қалады. Әлгі бір әдейі уақыт созған әрекетің үшін солардың алдында жауап беруге тура келеді. Солай болды да! Мұндағы басты міндет - ауыр соққы мен айлалы әдіске қарсы тұра білу. Жігіттер бұл үдеден шыға білді. Осылайша үміткерлердің үкілі үмітін ауыр соққы да, тиген жұдырық та үркіте алмады. Жігерлі жауынгерлер Күрең беретке лайықты болып шықты. Осылайша, сынақ мәресіне жетті.

6654 әскери бөлімінің саптық алаңында сынақтан сұрыпталған 13 жауынгер Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-майор Аңсаған Балтабековтың қолынан Күрең береттерін алды. Бұл олар үшін өмірдегі ең айрықша күн болды. Жеңімпаз жігіттердің арасында жоғарыда біз атап өткен ағайындылар да бар еді. Олар Күрең берет иеленген бауырлар ретінде тарихта қалды. Сырт көз сыншы. Әлгінде ғана қыртысы жазылмаған күрең беретін басына киген жауынгер аға буын алдына барып ілтипат білдірді. Құшағына алып, қолын қысқан үлкендер жағы басындағы жап-жаңа бас киімді нығарлай басып, бір жақ шетін қисайтып берді. Ер азаматтың еңсесі көтеріліп қалды. Жарасымды көрініске көз сүйсінді. Әрине, күрең берет нағыз жауынгерге ғана жарасады!
Биыл Күрең берет сынағының өтіп келе жатқанына да ширек ғасыр толыпты. Жыл өткен сайын жаңа ереже, жаңа талап, жаңаша көзқарас байқалатын тәрізді. Осы ретте бәріміз білуге тиіс бір жайт бар. Күрең берет үшін тағайындалған сыйақы да, сыйлық та жоқ. Бұл бас киім сонысымен қастерлі. Себебі мұнда ақшаға да, алтынға да сатып ала алмайтын намыс, жігер, рух бар. Сондықтан да оны бәрі ұлықтайды.
Қатардағы Жанболат Кенжеғұл, Астана - Алатау - Астана