Елімізде электр энергетикасы саласындағы негізгі үдерістерді автоматтандыру көзделген, деп хабарлайды DKNews.kz.
Премьер-министрдің орынбасары – ҚР жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Үкімет отырысында электр энергетикасы саласын цифрландыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Ол электр энергиясын дамыту мен цифрландыру – электр энергиясын өндіру, тарату және тұтыну тиімділігін арттырудың негізгі факторларына айналатынын атап өтті.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Энергетика министрлігі Цифрлық трансформация картасын бекітті. Ол Smart Grid, цифрлық егіздер, мониторинг жүйелері және жасанды интеллектіге негізделген болжау технологияларын енгізу кезеңдерін айқындайды. Энергетика саласында қосалқы түрлерімен бірге 43 мемлекеттік қызмет көрсетіледі, олардың 99 %-ы онлайн форматта жүзеге асырылады. 2027 жылға қарай нысандардың 50%-ы цифрлық мониторингпен қамтылып, саланың негізгі үдерістері автоматтандырылатын болады. Қолмен орындалатын ескі рәсімдердің заманауи технологиялармен алмастырылуы – реинжинирингтің бір мысалы. Жаңа шешімдер адами факторды азайтып, дәлдік пен қауіпсіздікті арттырады. Қазіргі таңда электр беру желілерін тексеру жоғары ажыратымдылықтағы бейнекамералар мен жылу түсіргіштермен жабдықталған дрондар арқылы жүзеге асырылады. Олар сымдардың шамадан тыс қызуын, оқшаулануын және тіректердің зақымдануын анықтайды. Жиналған деректер жасанды интеллектісі бар дефектоскопия жүйесімен өңделеді, ол ақауларды 98% дәлдікпен танып, геоақпараттық жүйеде (ГАЖ) энергетикалық желінің цифрлық егізін қалыптастырады» Жаслан Мәдиев
Министрдің сөзінше бұл қызметкерлер үшін тәуекелдерді азайтады, апаттар санын және энергия шығынын төмендетеді. Жоба пилоттық режимде жүзеге асырылуда, ал 2027 жылға қарай оны ел аумағы бойынша жаппай енгізу жоспарлануда. Процестерге реинжиниринг жүргізудің тағы бір мысалы — жылу энергетикасындағы диагностика процестерін цифрландыру. Бұрынғы шешімдер қолмен қабылданатын, бұл уақыт пен шығындардың артуына әкеліп соғады. Цифрлық трансформация шеңберінде көптеген датчиктері бар құбырларды диагностикалау бойынша роботтандырылған кешен енгізілуде. Робот құбырлардың ішінде қозғалып, желінің 3D моделін жасайды және ақау болуы мүмкін тәуекелді учаскелерді анықтайды. Бұл әлсіз нүктелерді алдын ала анықтауға және жөндеу жұмыстарын дәл жоспарлауға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда бұл шешім Шымкент қаласында пилоттық режимде сынақтан өтуде, нәтижелері осы жылдың соңына дейін күтіледі, содан кейін жылу желілерін кең ауқымда реинжинирингтеу басталады. Мұндай тәсіл шығындарды азайтады, жөндеу жұмыстарын жылдамдатады және жүйелердің сенімділігін арттырады.
Astana Hub экожүйесінде электр энергетикасы саласындағы стартаптар белсенді дамып келеді. Бұл компаниялар мониторингілеу, басқару және деректерді талдау шешімдерін енгізіп, энергияны үнемдеу саласында өнеркәсіптік контролерлер мен сервистерді әзірлеуде. 2024 жылы бұл компаниялардың жиынтық табысы 1,8 млрд теңгені құрады, ал қызметінің басталуынан бері жалпы кірісі 3,8 млрд теңгеден асты. Соның нәтижесінде салада 400 астам жұмыс орны ашылған, бұл отандық инновациялардың жоғары әлеуетін көрсетеді.
«Табысты жобалардың бірі ретінде Astana Hub резиденті болып табылатын «FACEPLATE» компаниясын атап өтуге болады. Компания әзірлеген нақты уақыт режимінде деректерді жинауға, өңдеуге және талдауға арналған интеллектуалды платформасы энергетикалық кәсіпорындарға операциялық және пайдалану шығындарын едәуір қысқартуға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, платформаны пайдаланушылар $1,3 млн үнемдеген, ал KEGOC компаниялар тобы бойынша шығындарды азайту есебінен экономикалық тиімділік $1,6 млн-ды құрады. ESEP компаниясы да Astana Hub резиденті болып табылады және коммуналдық ресурстарды тұтынуды оңтайландыруға арналған шешімдерді ұсынады. ESEP шешімдері есептегіштерге қосылып, сандарды түсінікті аналитика мен бақылауға айналдыруға мүмкіндік береді, нәтижесінде қазіргі пайдаланушылар арасында коммуналдық қызметтерді тұтыну 12%-ға азайды. Дұрыс есептеу үшін 4 500 қайта есептеу орындалды» Жаслан Мәдиев
Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, электр энергетиканы цифрландыру айтарлықтай артықшылықтар береді. Нидерландта цифрлық басқару жүйесі бар интеллектуалды жүйе енгізілген, ол электр энергиясын тұтынуды 15%-ға төмендетеді. Қытайдағы China Energy Investment Corp электр энергиясын өндіру үшін әлемдегі алғашқы ауқымды жасанды интеллект моделін іске қосып, болжамдардың дәлдігін арттырады. АҚШ-та жасанды интеллекті бар дефектоскопия жүйесі белсенді қолданылады. Жалпы алғанда, машиналық оқыту технологиялары, интеллектуалды есептегіштер және энергияны басқарудың цифрлық платформалары саланың дамуы мен тұрақтылығында шешуші рөл атқарады.
Министрдің сөзінше Қазақстан кәсіпорындарында заманауи технологияларды енгізу тәжірибесін және осындай шешімдерді әзірлеу бойынша бар әлеуетті ескере отырып, саланы одан әрі дамыту үшін төмендегідей ұсыныстар берілген:
- энергетика саласындағы барлық процестерге кешенді реинжиниринг жүргізу;
- Бірыңғай мемлекеттік отын-энергетикалық кешенді басқару жүйесін іске асыруды жеделдету;
- деректерді онлайн беру мүмкіндігі бар интеллектуалды есептеу құралдарын енгізуді жеделдету;
- келесі жылыту маусымына дейін дрондар арқылы электр беру желілерін (ЭБЖ) мониторингтеу жүйелерін кеңейту.