Ақмола облысы цифрландыру және архивтер басқармасының басшысы Ержан Мағжан Қайратұлы «Цифрландыру» бағыты бойынша Президенттік жастар кадр резервіне қабылданды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Мағжан Қайратұлы Еуразия технологиялық университетін, Қазақ Еңбек және әлеуметтік қатынастар академиясын және Қазақ қатынас жолдары университетін аяқтады.
Еңбек жолын 2014 жылы Алматы қаласындағы жеке логистикалық компанияда маман ретінде бастағап, кейін оператор, бөлім басшысы лауазымдарын атқарған. 2019-2021 жылдары «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ цифрландыру кеңсесінде маман, менеджер, бас менеджер, сервис бойынша басқарушы директор, 2021-2022 жылдары Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінде министрдің кеңесшісі ретінде жұмыс істеген. 2024 жылы «Цифрлық трансформация қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің бас директорының орынбасары, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ сапаны бақылау департаментінің директоры қызметтерін атқарған.
Естеріңізге сала кетсек, 2025 жылғы 24 қазанда Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Жастар кадр резерві жөніндегі ұлттық комиссияның отырысы өтті. Оның қорытындысы бойынша 50 адам Президенттік жастар кадр резервіне қабылданды.
Осы жылдың маусым айынан бастап қазан айына дейін Резервке іріктеу жүргізілді. Құжаттарды қабылдау кезеңінде жобаның ресми сайтында 31 859 адам тіркелді, бұл еліміздің жас мамандары тарапынан жобаға деген жоғары қызығушылықты көрсетеді.
Төртінші іріктеудің басты жаңашылдығы – мемлекеттік аппарат үшін аса сұранысқа ие салалық бағыттар бойынша Резервті қалыптастыру болды. Кандидаттар белгіленген квоталарға сәйкес қабылданды:
- «инфрақұрылымды, өнеркәсіпті дамыту және сауда саясаты» бағыты бойынша – 8 адам;
- «агроөнеркәсіптік кешен және қоршаған ортаны қорғау» бағыты бойынша – 9 адам;
- «сыртқы саясат және инвестициялар» бағыты бойынша – 8 адам;
- «экономикалық және қаржылық саясат» бағыты бойынша – 7 адам;
- «цифрландыру» бағыты бойынша – 9 адам;
- «әлеуметтік саясат және азаматтық қоғам» бағыты бойынша – 9 адам.
Жаңадан қабылданған резервшілердің толық тізімі pkrezerv.gov.kz жобаның ресми сайтында жарияланды.
Резервке алынған сәттен бастап үш жыл ішінде резервшілер саяси мемлекеттік лауазымдарға, «А» корпусының әкімшілік мемлекеттік лауазымдарына, сондай-ақ «Б» корпусының басшылық лауазымдарына тағайындалуы мүмкін.