Қорғаныс министрінің орынбасары әскери жоғары оқу орнының цифрлық трансформациясын жоғары бағалады, деп хабарлайды DKNews.kz.

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің цифрландыру жөніндегі орынбасары Дархан Ахмедиев Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтында болып, оқу орнының цифрландыру бағытындағы жетістіктерімен және жаңа технологияларды енгізу барысымен танысты.
Сапар барысында министрдің орынбасарына институттың заманауи оқу-материалдық базасы көрсетіліп, профессорлық-оқытушылар құрамының ғылыми және инженерлік әзірлемелері таныстырылды. Солардың ішінде ерекше назар аудартқаны бүгінде Қарулы күштер қарулануына енгізіліп, өзінің жоғары тиімділігін дәлелдеген дронға қарсы қару жүйесі болды.

Сонымен қатар, Дархан Ахмедиев коммерциялық дрондарға қарсы радиоэлектрондық тосқауыл қоюға арналған стационарлық кешен мен сынақ сатысындағы өзге де тәжірибелік-конструкторлық жобалармен танысты.
Институт қабырғасындағы инновациялық көпсалалы тренажерлік кешен де министр орынбасарының ерекше қызығушылығын тудырды. Бұл кешен курсанттарға радиотехникалық және зениттік-зымырандық әскерлердің қару-жарағы мен әскери техникасының виртуалды үлгілерінде, шынайы жағдайға барынша жақын ортада машықтануға мүмкіндік береді.

Дархан Ахмедиев электронды ату тиріндегі оқу процесін де көріп, курсанттардың заманауи цифрлық жүйелер арқылы атыс дағдыларын жетілдіру жұмыстарымен танысты. Сондай-ақ ұшқышсыз ұшу аппараттарының операторларын даярлау алаңында болып, болашақ офицерлердің дрондарды басқару, барлау және шабуылдау тактикасын түрлі жағдайда пысықтау барысын бақылады.
Сапар соңында Дархан Ахмедиев Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының ғылыми-техникалық әлеуетін жоғары бағалап, оқу орнында жүргізіліп жатқан цифрландыру үдерісінің маңыздылығын атап өтті. Ол цифрлық технологияларды одан әрі дамыту және әскери білім беру жүйесіне кеңінен енгізу жөнінде нақты тапсырмалар берді.
 
                                             
                                                             
                                                             
                                                             
                                                            