Цифрлық инновациялар: Қарағанды Terricon Connect алаңында тренд қалыптастыруда

968
Фотосурет: Gov

Қарағандыда өткен Terricon Connect форумында жас IT-мамандар өздерінің заманауи әрі батыл жобаларын ұсынды. Ақылды автотұрақтар, ашық әрі әділ жөндеу сервистері, жасанды интеллект арқылы басқарылатын қалалық жүйелер — мұның барлығы қала өмірінің сапасын арттыруға бағытталған бастамалар. Бір күнге Қарағанды цифрлық инновациялар мен технологиялық идеялардың орталығына айналды. Өңірде алғаш рет осындай ауқымда ұйымдастырылған форум стартаперлерді, инвесторларды, IT-сарапшыларды және кәсіпкерлерді бір алаңда тоғыстырды, деп хабарлайды DKNews.kz.

— Біз жаңа экономикалық дәуірге сенімді қадам жасап келеміз. Мұнда өнеркәсіп саласымен қатар цифрлық технологиялар да дамып, өңір экономикасының ажырамас бөлігіне айналуда. Бұл өзгерістердің басты қозғаушысы — еліміздегі алғашқы өңірлік IT-хаб «Террикон алқабы». Ол — мемлекет, бизнес және шығармашыл жастардың мүдделері тоғысқан экожүйе. Мемлекет басшысының жасанды интеллектті дамыту жөніндегі тапсырмаларына сәйкес, бізді әлі талай жаңа жоба мен стартаптар күтіп тұр, — деді форумның ашылуында облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев. — Мұндай бастамаларды қолдау — өңір саясатының басым бағыттарының бірі.

Әкім атап өткендей, Қарағанды облысының алдында айқын мақсат тұр — өңірді Орталық Азиядағы цифрлық құзыреттер орталығы ретінде бекітіп, IT-қызметтердің экспортын арттыру және болашақ экономикасына қажет мамандар даярлау.

— Қарағанды облысы соңғы жылдары IT-индустрияны дамытуда Астана мен Алматыдан кейін үздік үштік қатарында келеді. Бірақ біздің мақсат — көшбасшы болу және жаңа трендтерді қалыптастыру. Бұл үшін барлық мүмкіндік бар. Өңірімізде іске қосылған жобалардың көбі өзге аймақтардың да қызығушылығын тудырып отыр. Мәселен, олардың қатарында ақылды автотұрақ жүйесі мен жасыл желектерді есепке алу платформасы бар, — деді облыстық цифрландыру басқармасының басшысы Константин Ильницкий.

Форум алаңында стартаптар көрмесі өтіп, стартап-батл, панельдік пікірталастар және инвесторлармен Terricon V-Night форматындағы кездесулер ұйымдастырылды.

Солардың бірі — Smeta Hub стартапы. Оның авторы Тимур Дурмаганбетов бұл жобаны жосықсыз мердігермен болған жеке тәжірибесінен кейін ойлап тапқан. IT-саладағы тәжірибесіне сүйенген жас кәсіпкер пайдаланушыларға жөндеу жұмыстарының нақты құнын есептеуге, смета жасауға және алдағы уақытта қауіпсіз мәміле жасауға мүмкіндік беретін мобильді қосымша әзірледі.

— Біз адал әрі ашық құрылыс мәдениетін қалыптастырып жатырмыз, — дейді Тимур Дурмаганбетов. — Жасанды интеллект шығындарды оңтайландырып, тапсырыс беруші мен мердігердің мүдделерін бірдей қорғайды.

Көпшіліктің қызығушылығын оятқан тағы бір жоба — Parking.kz. Бұл жүйеде нейрожелі бос автотұрақ орындарын автоматты түрде анықтайды. Сервис форум өткен Достық үйінің алдындағы тұрақта бірден сынақтан өтті. Қала бойынша орнатылған камералар бос орындарды белгілеп, мәліметтерді нақты уақыт режимінде көрсетеді. Қазір жоба авторлары сервисті «Яндекс.Картамен» біріктіру мәселесін талқылап жатыр.

Terricon Valley компаниясының бас директоры Сабыр Ниязов форумға деген қызығушылықтың күткеннен әлдеқайда жоғары болғанын айтты.

— Форумның басты мақсаты — қарағандылық стартаптарды елге таныстырып, қатысушылар арасындағы серіктестік байланыстарды нығайту, сондай-ақ жергілікті жобалардың халықаралық нарыққа шығуына жол ашу, — деді ол.

Форумға тек тәжірибелі кәсіпкерлер ғана емес, сонымен бірге жас инноваторлар да қатысты. Солардың бірі — небәрі 12 жастағы Платон Нечаев. Ол экологиялық тақырыптағы авторлық кітаптарын және табиғатты қорғауға бағытталған EcoPlaton телеграм-ботын ұсынды. Бұл бот балалар мен ересектерге экологиялық әдеттерді қалыптастыруға көмектеседі.

Күні бойы қатысушылар GameDev, жасанды интеллект, цифрлық сервистер мен жаңа экожүйелерді дамыту бағыттарын талқылады. 

Форумға шақырылған сарапшылар өз тәжірибелерімен бөлісіп, өңірдің цифрлық болашағына қатысты ойларын ортаға салды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -