Президенттік жастар кадр резервіне конкурс бір орынға 148 адамды құрады

1452
Фотосурет: Gov

Бүгін Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай БАҚ өкілдері үшін Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу қорытындылары бойынша брифинг және биылғы іріктеу бойынша резервке қабылданған жастармен кездесу өткізді, деп хабарлайды DKNews.kz.

Іс-шараға Агенттік басшылығы, Президент Әкімшілігінің және Мемлекеттік басқару академиясының өкілдері қатысты.

Брифинг барысында Агенттік төрағасы бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне резервке төртінші іріктеудің қорытындылары, резервшілердің мемлекеттік қызметке жұмысқа орналасу тәртібі және оларға берілетін мүмкіндіктер туралы ақпарат берді.

Дархан Жазықбай іріктеу процессінің әрбір кезеңінің ерекшеліктеріне жан-жақты тоқталды.

Айта кету керек, Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып келе жатқан стратегиялық маңызды жоба – Президенттік жастар кадр резервіне төртінші іріктеу қазан айының соңында аяқталған болатын.

Жобаның негізгі мақсаты – мемлекеттік басқару жүйесіне білімді, жауапкершілікті және жоғары кәсіби білікті жастарды тарту.

Ниет білдірген 31 мыңнан астам үміткердің ішінен 7 436 адам іріктеуге қатысуға жіберілді. Алты кезеңнен тұратын іріктеу нәтижесінде резервке 50 үздік жас маман қабылданды. Бір орынға 148 адамнан келіп, бұл көрсеткіш 2023 жылғы іріктеумен салыстырғанда 16%-ға жоғары болды.

Кездесу барысында Агенттік төрағасы резервшілерді Президенттік жастар кадр резервіне іріктеуден өтуімен құттықтап, жобаның кәсіби мемлекеттік қызметшілердің жаңа буынын қалыптастырудағы стратегиялық маңыздылығына тоқталды.

Ол Президенттік жастар кадр резервіне қатысу жастарға мансаптық өсу мен елге қызмет етуге мүмкіндік беретінін айтты.

«Сіздерден кәсібилікпен қатар, адалдық, ашықтық және мемлекет ісіне деген шынайы жанашырлықты күтеміз. Сіздерге артылған сенім – сіздер үшін үлкен жауапкершілік. Себебі сіздер іріктеу барысында өз қарым-қабілеттеріңізді көрсете білдіңіздер, енді сіздердің алдарыңызда соны тәжірибе жүзінде дәлелдеу міндеті тұр», – деді Дархан Жазықбай.

Кездесу аясында алдағы өзара әрекеттесу мен мемлекеттік қызметке орналасу мүмкіндіктері және басқарушылық құзыреттерді дамытуға арналған білім беру бағдарламаларына қатысу мәселелері талқыланды.

Кездесу соңында Агенттік төрағасы резерв өкілдеріне сәттілік тілеп, олардың  қарым-қабілеті мен білімін ел игілігі жолында жұмсайтындықтарына сенім білдірді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -