Халықаралық «Жанашыр» қоғамдық қоры Алматы қаласы Білім басқармасына қарасты әлеуметтік мекемелер түлектерін бейімдеу және қолдау орталығы – «Жастар үйінде» бірқатар әлеуметтік және тәрбиелік бағыттағы іс-шаралар ұйымдастырды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Аталған бастама Халықаралық «Жанашыр» қоры мен «Жастар үйі» мекемесі арасындағы өзара әріптестік туралы Меморандум аясында жүзеге асырылды. Іс-шаралардың негізгі мақсаты – ата-ана қамқорлығынсыз қалған жастарға рухани және материалдық қолдау көрсету, олардың қоғамға бейімделуіне жан-жақты жәрдемдесу.

Шараны орталық директорының орынбасары Еркебұлан Әбдіғалиұлы ашып, жастарды іс-шара мақсатымен таныстырды. Содан соң Халықаралық «Жанашыр» қоғамдық қорының мамандары сөз алды. Домбыра үйрету, шахмат, дойбы, шет тілдерін оқыту курстарын ұйымдастыруға ниетті еріктілер, бұл бағытта орталық жастарымен тегін жұмыс істеуге дайын екендіктерін айтты.


Сонымен қатар, еңбекке енді араласып жатқан жастар үшін жеке қаржыны тиімді басқару және үнемдеу жөнінде «CashFlow» клубының сарапшылары шеберлік сабағын өткізді. Клуб басшысы Олга Львованың қаржыны басқару тақырыбында өткізген сабағын жастар қызығушылықпен тыңдады.


Халықаралық «Жанашыр» қорының президенті Жаңыл Әпетова Жастар орталығымен алдағы уақытта да іс-шаралар өткізу жалғасатынын айтады.
“Бүгін біз өзімізбен бірге домбыра, шахмат, қаржыны басқару, дойбы, тіл үйрету үйірмелерін жүргізетін мамандарды ертіп келдік. Олар жастарды әлеуметтендіру, өмірге бейімдеу мақсатында тегін жұмыс істеуге дайын”- деді қоғамдық қор басшысы.


Сонымен қатар, Халықаралық “Жанашыр” қоғамдық қоры өкілдері орталық жастарына алып келген қыстық киімдерін үлестірді. Ән айтып, көңілдерін көтерді.

Қор өкілдерінің айтуынша, жастарды жан-жақты қолдау бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табады.

Іс-шара соңында «Жастар үйінің» басшылығы алғыстарын білдірді.