Түркияда білім алып, елге қызметке келді: полиглот сарбаздардың тағдыры

1001
Анастасия Ким Редактор
Фотосурет: Ұлттық ұлан

Бүгінде әскери қызметке тек физикалық дайындық қана емес, білім, технологияны меңгеру және бірнеше тіл білу де маңызды. Оралдағы Ұлттық ұланның 5517 әскери бөлімінде дәл осындай жаңа буын сарбаздары қызмет өткеріп жүр, деп хабарлайды DKNews.kz.

Түркияда білім алған, бірнеше тілді еркін меңгерген үш жас бүгінде түрлі мамандықтарын уақытша шетке ысырып, әскери борышын өтеуді азаматтық парыз санайды.

Түркияда білім алып, бүгінде сапта тұр

Орал қаласындағы ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 5517 әскери бөлімінде төрт тілді – қазақ, орыс, ағылшын және түрік тілдерін еркін меңгерген үш мерзімді әскери қызметші әскери борышын атқаруда.

Олардың өмір жолдары әртүрлі болғанымен, бүгінгі таңда бәрін бір мақсат біріктірді – елге қызмет ету.

Алматы қаласының тумасы Ербол Ғайнибекұлы Түркияның Сакария қаласында білім алып, физиотерапевт әрі тіс технигі мамандығын меңгерген. Ал ақтөбелік Ілияс Зинур Түркияның Сивас қаласында қонақүй және мейрамхана ісі бойынша жоғары білім алған.

Үшінші сарбаз – шымкенттік Мирас Төлеген. Ол Astana IT University-де «Киберқауіпсіздік» мамандығын тәмамдап, ақпараттық қауіпсіздік саласында кәсіби білім алған.

Бірнеше тіл білу – бүгінгі сарбаздың артықшылығы

Бүгінде үш жас әскери бөлімде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысып, әскери қызметтің қыр-сырын меңгеріп жүр.

Олардың айтуынша, бірнеше тілді меңгеру тек азаматтық өмірде ғана емес, әскери салада да үлкен мүмкіндік береді. Әлем өзгеріп жатқан уақытта тіл білу жаңа тәжірибе алмасуға, түрлі ортада еркін жұмыс істеуге және кәсіби көкжиекті кеңейтуге жол ашады.

– Шет тілдерін меңгеру адамның дүниетанымын кеңейтіп, түрлі ортада еркін қарым-қатынас жасауға мүмкіндік береді. Ал біз үшін ең маңыздысы – әскери қызметті абыроймен атқарып, ел сенімін ақтау, – дейді қатардағы жауынгер Ербол Ғайнибекұлы.

Жаңа буын сарбаздарының келбеті өзгеріп келеді

Бүгінде әскери қызметке келетін жастардың арасында ІТ-мамандар, медицина саласының өкілдері, халықаралық білім алған түлектер мен бірнеше тілде еркін сөйлейтін азаматтар көбейіп келеді.

5517 әскери бөліміндегі Ербол, Ілияс және Мирас – соның жарқын мысалы. Олар шетелде алған білімін, заманауи көзқарасын және тілдік тәжірибесін өмірлік маңызды құндылықпен ұштастырып отыр. Ал ол – Отан алдындағы азаматтық борыш.

Олардың оқыған университеттері мен таңдаған мамандықтары әртүрлі болғанымен, бүгінгі таңда бәрінің мақсаты бір – әскери антқа адал болып, ел қауіпсіздігіне өз үлесін қосу.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -