Соңғы бір жылда Қазақстанда кибералаяқтық айтарлықтай көбейді. URTG (United Research Technologies Group) зерттеу компаниясының деректері бойынша, қазақстандықтардың жартысына жуығы өзін банк немесе полиция деп таныстырған күмәнді қоңыраулар алған. Өкінішке қарай, алаяқтардың құрбандарының саны да өсіп келеді.
Қазақстан Ұлттық банкінің мәліметінше, биылғы жылдың алғашқы сегіз айында қазақстандықтар алаяқтарға 16,8 миллиард теңге жіберген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда шамамен 30 пайызға көп. Қаңтар мен тамыз аралығында 92 мыңнан астам кибералаяқтық дерегі тіркелген, оның ішінде 8,4 мың жағдай ресми түрде расталған. Банктер 2,6 миллиард теңгені ұрлауға жол бермей, клиенттерге 339 миллион теңгені қайтарып үлгерген. Полиция 14 761 күдіктіні анықтаған.
© Sputnik / Стрингер
Технологиялар дамыған сайын алаяқтық тәсілдері де күрделеніп келеді. URTG мәліметінше, фишинг, смишинг және вишинг сияқты қарапайым тәсілдерді қазақстандықтардың шамамен 51–55 пайызы тани алады. Ал корпоративтік сектордағы мамандардың хабардарлығы жоғарырақ – 70–85 пайыз шамасында. Бірақ deepfake сияқты күрделі технологиялық қауіптер туралы хабардарлық деңгейі әлі төмен: халық арасында небары 28 пайыз, ал корпоративтік салада 60 пайыздан аспайды.
Алаяқтар ірі компанияларды да айналып өтпейді. Сақтандыру саласында клиенттер немесе олардың өкілдері кейде болмаған оқиға туралы хабарлап, өтемақы алуға тырысады. Мұндай жағдайларға қарсы компаниялар арнайы антифрод-жүйелерді енгізіп отыр. Бұл жүйелер өтініштерді тексеріп, сақтандыру оқиғасының болған-болмағанын анықтайды. Егер деректер сәйкес келмесе, өтініш берушімен тиісті шаралар қабылданады.
Азамат Керімбаев / Фото: © Валерий Аяпов
«Freedom Insurance» АҚ басқарма төрағасы Азамат Керімбаев бұл жүйелердің Sergek деректерімен тығыз байланыста жұмыс істейтінін түсіндірді:
«Біз Sergek жүйесінің деректерін қолданамыз, ол оқиғаның рас-өтірігін анықтауға мүмкіндік береді. Мысалы, жүйе жолдағы бейнекамералар арқылы апаттың болған-болмағанын тексереді. Бұл әдіс жалған жол апаттарын – бұрын зақымдалған көлікті жаңа оқиға ретінде көрсететін жағдайларды – анықтауға көмектеседі», – дейді ол.
Маманның айтуынша, Sergek деректері сақтандыру компанияларына төлем мен сыйақыны есептеу кезінде де шешім қабылдауға жәрдемдеседі.
Алматы қалалық ІІД баспасөз қызметі
«Жүйе көліктің қай жерде және қаншалықты жиі жүргенін, бұрын қандай жағдайларда пайдаланылғанын талдайды. Бұл мәліметтер төлемнен бас тартуға себеп болмайды, бірақ көлік жайлы толық картина жасауға көмектеседі. Егер деректерде сәйкессіздік байқалса, біз клиентті әңгімеге шақырып, мән-жайды нақтылаймыз. Қажет болса, құқық қорғау органдарына сұрау жіберіледі», – деп түсіндірді Азамат Керімбаев.
Freedom Insurance компаниясында ерікті автосақтандыруды рәсімдеу кезінде көлік те Sergek деректері арқылы тексеріледі:
«Жүйе көліктің қаншалықты жиі пайдаланылатынын, аптаның қай күндері және қай бағытта жүргенін талдайды. Бұл ақпарат жасанды интеллект негізіндегі скоринг жүйесіне енгізіледі. Егер көлік ұзақ уақыт қозғалыссыз тұрып, кейін бірден жолға шығып, сол күні КАСКО рәсімделсе – бұл күмән туғызады. Sergek деректері мен скорингтік талдау бізге тәуекелдерді дәлірек бағалауға және клиентке нақты жағдайына сай полис бағасын ұсынуға мүмкіндік береді», – деп түйіндеді маман.
Sergek жүйесі мен жасанды интеллекттің алгоритмдері сақтандыру саласында ашықтық пен сенімділіктің жаңа деңгейін қалыптастыруда. Бұл технологиялар тек алаяқтықтың алдын алып қана қоймай, клиенттерге де әділ әрі дәл бағаланған сақтандыру шарттарын ұсынуға мүмкіндік береді.